Шымкентте карантиндік шектеулерге өзгерістер енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдерінің қатысуымен жаңа қаулыда енгізілген өзгерістер жəне қаладағы эпидемиологиялық ахуал жөнінде брифинг өтті.

Баспасөз мəжілісінде спикер Болат Бахтиярұлы қаладағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

Шымкент қаласында 2020 жылдың 24 наурызы мен 20 қыркүйегі аралығында коронавирус пандемиясымен 5186 жағдай тіркелді. Жалпы қарым-қатынаста болған 9649 адам анықталып, медициналық бақылауға алынған. Бүгінде карантиннен алынғаны – 8700. Оның 4581-і сауығып шыққан. Ал 539 науқас ем алу үстінде, – деді Болат Нұрманов.
Бұл орайда Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №38 қаулысы жайында жеткізсек, кейбір нысандардың жұмысына жеңілдету шаралары енгізілді.

Атап айтқанда:

– Спорттық объектілердің (фитнес-орталықтардың, тренажер залдардың, спорттық-сауықтыру орталықтарының және жабық спорттық құрылымдардың) бір келушіге 5 шаршы метрге дейін, сыйымдылығы 50 пайыздан аспайтын, алдын ала жазылу бойынша сағат 09:00 мен 23:00-ге дейін жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері жұмыстары ұйымдастырылды;

– СПА-орталықтары, әсемдік салондары, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызметтер, маникюр және педикюр қызметтерін көрсететін орталықтары мен салондары (алдын ала жазылу бойынша бір келушіге 4 шаршы метр) жұмыс уақытын шектеу арқылы сағат 09:00 мен 21:00-ге дейін жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері жұмысы ұйымдастырылды. Жеткізу және шығару режимінде қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысын қоспағанда 50-ден астам отыратын орны бар қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс істеуіне тыйым салынды;

– Моншалардың және сауналардың сыйымдылығы 50 пайыздан аспайтын және бір келушіге 4 шаршы метр жұмыс уақытын шектеу арқылы сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері жұмысы ұйымдастырылды;

– Мәдениет объектілерінің (жеке және топтық репетицияларға 30 адамнан аспайтын қатысушылар), театрлар (сыйымдылығы 50% адамнан аспайтын, бірақ 50 адамнан артық емес, «InfoKazakhstan.kz» порталда тіркелумен, бетперде тағу режимі, әлеуметтік қашықтық және ҚР БМСД-нің №43 Қаулысының талаптары сақталған жағдайда) кітапханалардың, мұражайлардың жұмысын қалыпты режимде рұқсат етілді;

– ҚР БМСДҚ №43-ПГВр бекіткен алгоритмдерге сәйкес және ұжымдық іс-шараларды өткізбей, діни объектілердің (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т.б.) қызметі қалыпты режимде рұқсат етілді;

– Сыйымдылығы 30 пайыздан аспайтын және бір келушіге 4 шаршы метрді сақтаумен сауда-ойын орталықтарының, сауда үйлерінің (дүңгіршіктер), сауда желілерінің жұмысы шектеліп сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін ұйымдастырылсын, сауда-ойын орталықтарының, сауда үйлерінің (дүңгіршіктер) жұмысы ҚР еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жұмыстары тоқтатылды;

– Гүл сататын нысандардың қызметі қалыпты режимде рұқсат етілсін;

– Бір адамға су бетінің 5 ш.м. есебімен жеке форматта, алдын ала жазылу бойынша бассейндердің қызметі сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері жұмысын ұйымдастырылды; 

– Жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері қоғамдық көлік қозғалысының уақыты сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін шектеліп, бетперделердің киілуі, толтырылуы отыратын орын санынан аспауы қадағалау тапсырылды. 

Алайда кейбір нысандардың жұмысына жеңілдету шараларын енгізілгеніне қарамастан, тыйымдар сақталуда. 

– Жеткізу және шығару режимінде қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысын қоспағанда 50-ден астам отыратын орны бар қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс істеуіне тыйым салынды;

– Кинотеатрлардың, сауда-ойын-сауық кешендері мен орталық үйлердің ішіндегі, балалардың ойын алаңдарының, мұз алаңдарының, батуттар мен фудкорттардың, жәрмеңкелердің жұмысына тыйым салынды, ашық кинотеатрлардың жұмысы бетперде тағу режимі, әлеуметтік қашықтық сақталған жағдайда қалыпты режимде рұқсат етілді жəне өңіраралық автобус пен шағын автобустардың жүруіне тыйым салынды.

Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімі басшысының айтуынша, қалада өткен тәулікте коронавирустық инфекциясымен ешқандай жағдай тіркелмеген, - деп хабарлады Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы