Шымкентте карантинде той жасағандар анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте карантинге қарамастан тойын жасағандар анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Карантин шектеулеріне қарамастан ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той ұйымдастырғандар анықталды.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері және арнайы мобильдік топ өкілдерінен жасақталған құрам кезекті рет тойға жиналғандарды тарқатты.
Мәселен, 20 ақпан күні сағат 15:00 шамасында Шымкент қаласы Жастық көшесі бойында орналасқан “Евразия” тойханасында той болып жатқаны анықталды.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды тоқтатқан. Жалпыға ортақ шектеу шараларын сақтамауымен қатар, карантин талаптарын елемеген тойхана әкімшісіне және той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органға, яғни аудандық Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.