Шымкентте инвестоларға қызмет көрсететін өңірлік фронт-кеңсе ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте бизнесті қолдау жөніндегі бірыңғай орталықтың жанында инвесторларға қызмет көрсететін фронт-офис өз қызметін «бір терезе» қағидаты бойынша бастады. Бұл елде инвесторлар үшін арнайы фронт-офистер құру жөніндегі Үкіметтің тапсырмасы шеңберінде ұйымдастырылды.
Орталықтың жұмысымен Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов танысты. Ол фронт-офис бизнес-қауымдастық үшін тиімді алаң болатынын атап өтті. Мегаполис басшысы инвесторларды бірінші кезекте қаланың инвестициялық мүмкіндіктері қызықтырады деп атап өтті және көрсетілетін қызметтерді оңтайландырылған үлгіге ауыстыруды тапсырды.
«Бір терезе» инвестициялар тартудың кезекті нысаны мен әдісі ғана емес, инвесторлармен жұмыс істеудің өзге және жаңа тетігі болуы керек. Бұл ақпараттың қолжетімділігі мен елдегі рәсімдердің айқындығын қамтамасыз етуге, инвестициялық жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде инвесторларға көмек көрсетуге, пайда болған мәселелерді уақытылы шешуге, инвесторлардың мемлекетпен байланысуы үшін бірыңғай нүктесі болуға негізделген. Жалпы «бір терезе» инвесторларға мемлекеттік қызметтерді алу үшін қолайлы шарттар жасап қоймайды, сондай-ақ, рәсімдердің қолжетімділігі мен айқындығын, мемлекеттік органдармен өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Шымкент қаласы бойынша өңірлік директор Игорь Копайлов.
Фронт офисте жергілікті атқарушы органдардың, ХҚО, «Атамекен» РКП, «Даму» КДҚ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың , миграциялық, кеден және салық органдарының мамандары, сондай-ақ, монополисттер, нотариустар мен аудармашылар орын алады.
Инвесторлар мен кәсіпкерлерге мұнда тоғыз бағыттар бойынша қызмет көрсетіледі. Қызметтер тізіміне мемлекеттік қызметтер көрсету, жобаларды сүйемелдеу, маркетингтік және бухгалтерлік қызметтер, мемлекеттік сатып алулар бойынша кеңестер беру, СТ KZ сертификаттау, қаржы мекемелері мен даму институттарының көмегі, бизнестің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ, миграция, кеден және салық мәселелерін шешуге қолдау көрсету кіреді.