Шымкентте Фосфоршылар сарайы қайта салынады
Фосфоршылар сарайы бұзылатын болды. Кезінде жеке меншікке өтіп, кейін мүлдем қараусыз қалған мәдениет ордасы талан-таражға түсіп, мүлдем жарамсыз болып қалғанына да біраз жыл болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сол себепті де қаланың көркін бұзып тұрған нысан 2023 жылдың қараша айында коммунальдық меншікке өткен болатын. Кейін сарапшылар сарайдың жай-күйін зерделей келе, нысанды қалпына келтіру мүмкін еместігін айтты.
Осыдан кейін 1975 жылы салынған Мәдениет сарайының ғимаратын бұзу туралы шешім қабылданды.
Қабылдан шешім бойынша қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірігіп, «Фосфоршылар сарайының» ғимаратына қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын да жүргізді.
Енді ескі ғимараттың орнына бұрынғы тарихи келбеті сақталған, заманауи мәдениет сарайы салынатын болады.
Нысанның құрлысымен «Сәби» қайырымдылық қоры айналыспақ. Нысан құрылысын күзде бастау жоспарлануда.
Бүгінде Қордың тапсырысы бойынша мәдениет сарайының дизайн-жобасы әзірленді. Жобаға сәйкес ғимарат көркем ромб пішінде, ою-өрнектермен көмкеріліп,тарихи және заманауи нақыштарды үйлестіре отырып салынбақ.
Жаңа мәдениет сарайында өнер, түрлі кәсіптік бағытқа баулитын үйірмелер жұмыс істейтін болады.
Көпшілік көз айымына айналатын орталық аумағы абаттандырылады,маңына жасыл желек отырғызылады.
Сондай- ақ, жобада субұрқақтар мен аллеялар, балалар және спорт алаңдары да қарастырылған.