Шымкентте есірткіге қатысты оқиғадан кейін полицей жұмыстан қуылды
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Шымкентте есірткі заттары табылған автокөлікті ұстау кезінде ішінде болған полиция қызметкері ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Жедел іс-шара барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі заттары табылған көлікті тоқтатқан.
«Іс-шара барысында автокөлікте бейбіт тұрғындармен бірге аудандық полиция бөлімдерінің бірінің қызметкері болғаны анықталды. Аталған қызметкер теріс себептермен ішкі істер органдарынан босатылды», – деп мәлімдеді Шымкент полиция департаменті.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы полиция қызметкерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпарат жарияланбайды.