Шымкентте есірткі қылмысына қатысты 354 граффити жарнама жойылды
«Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру аясында Еңбекші АПБ-ның қызметкерлері есірткі қылмысының алдын алу мақсатында есірткі заттарын қолданудың және оны таратудың зияны, жазаның бұлтартпастығы мен өзге де әлеуметтік салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Еңбекші ауданының учаскелік инспекторлары әкімшілік аумақта аралау жұмыстарын жүргізіп, түнгі уақытта қоғамдық орындарды ерекше бақылауға алып, қылмыс жасауға бейім азаматтар мен жергілікті тұрғындар арасында профилактикалық іс-шаралар өткізді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, есірткі қылмысына қатысты жалпы 65 жайт анықталды. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 296-бабы бойынша 50 қылмыс, ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша 5 қылмыс, ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша 10 қылмыс тіркелген.
Сондай-ақ аудан аумағында ғимараттардың, инфрақұрылымдық жүйелердің сыртқы қабырғаларына есірткі заттарының қысқаша атауларын немесе оларды интернет жүйесінде өткізетін сайттардың сілтемелері көрсетілген 354 граффити жарнама жойылды.
Осыған байланысты, Еңбекші полицейлері есірткі заттарымен байланысты кез келген заңсыз іс-әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін қатаң ескертеді. Аталған заң бұзушылықтың куәсі болған жағдайда бірден «102» арнасына хабарлауға шақырады.