Шымкентте ер адам әйелін ұрып, жақ сүйегін сындырды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында орташа ауырлықтағы дене жарақатын қасақана келтірді деп айыпталған ер адамға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айыпталушы О.-ға Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған.

Сот анықтағандай, 2024 жылдың 1 мамыры күні кешке айыпталушы мен оның азаматтық некедегі жары Жаңаталап шағын ауданындағы үйде сөзге келіп қалған. Жанжал кезінде ер адам әйелді бірнеше рет бетінен ұрып, салдарынан оның төменгі жақ сүйегі сынған. Сараптама жарақатты орташа ауырлықтағы зиян деп бағалаған.

Айыпталушының кінәсі іс материалдарындағы дәлелдермен толық расталды. Прокурор оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші де нақты жаза тағайындауды талап етіп, азаматтық талабын қолдаған. Ал айыпталушы О. кінәсін ішінара ғана мойындап, өзін ақтауды сұраған.

Үкім шығару кезінде сот оның кінәсін ішінара мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Істі қарау нәтижесінде О. кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жәбірленушінің азаматтық талабы сотпен ішінара қанағаттандырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы