Шымкентте «Еңбек» бағдарламасы толық жүзеге асты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы Шымкент қаласында 100% көрсеткішпен жүзеге асырылды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарламаның екінші бағыты аясында республикалық бюджеттен шағын несиелендіруге 816,1 млн теңге бөлінген. Ал жергілікті бюджеттен кепілдендіруге 25 млн теңге қаралған. Сонымен қатар, 2019 жылдан өтпелі қаражат 221 млн теңге игерілген. Жалпы 2020 жылға бағдарлама шеңберінде 1 062,1 млн теңге қаралды. Бүгінгі таңда 1 062,1 млн теңгеге 103 жоба қаржыландырылған.
Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 354,1 млн теңгеге 319 жобаға қолдау көрсетілген. Оның ішінде банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 1 277,1 млн теңгеге 158 жобаға қолдау көрсетілсе, банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіру бойынша 280,8 млн теңгеге 94 жобаға қолдау көрсетілген. Ал мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша 289,9 млн теңгеге 67 жоба мақұлданып, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді.
Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасы бойынша елімізде төмен пайызбен кәсіпкерлер үшін арнайы несиелер беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға 4 % жеңілдікпен, ал ол топқа жатпайтын азаматтарға 6 % жеңілдікпен беріледі.