Шымкентте Джузеппе Вердидің операсы сахналанады
Шымкент қалалық опера және балет театрында Джузеппе Вердидің «Трубадур» операсының премьерасына орай баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала әкімдігі атап өткендей, театр сахнасында болатын қойылымдағы іс-әрекеттер ерекше жанрда сахналанбақ. Қызу шайқас, құмарлық пен бостандық үшін күрес, өткеннің елестері және кек алудың қақтығыстары, сондай-ақ адалдық, жеккөрушілік, ана махаббаты, қаһармандық, лирика және көптеген белканто бәрі-бәрі Джузеппе Вердидің «Трубадур» операсының премьерасында көрсетіледі.
Күрделі «Трубадур» операсын өзге опера театрлары қоюға батылы бара бермейді. Бұл - әлемдегі ең үздік төрт әнші операсы атауына ие. Яғни, жоғары деңгейлі сопрано, меццо-сопрано, тенор және баритонды қажет ететін ауыр қойылымдардың бірі. Осы аталған дауыстармен арнайы білікті мамандар, мастерлер, вокал жөніндегі коуч шақыртылып, тынымсыз жұмыстың арқасында Шымкент қалалық опера және балет театры өз әртістерінен іріктелген түрде басты кейіпкерлерге таңдау жасады.Шығарманың 170 жылдығына тұспа-тұс келген бұл премьера - театрымыз үшін үлкен белес болып отыр, - деді Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхаммедқызы.
Қойылым режиссеры Ресей Федерациясынан келген, бұған дейін «Домалақ ана», «Көк Түрік», «Қыз Жібек», «Қамар сұлу» қойылымдарын сахналаған Михаил Панджевидзе. Режиссер әр іс-әрекетінде түпкі ойды тапқырлықпен көрсете отырып, әртістердің эмоционалдық темпераменттерін көрермен назарына жеткізе білген. Сонымен қатар бас суретші Гарри Гуммель де Германия мемлекетінен арнайы шақыртылған.
Қойылымға 130-дан аса костюм тігілген. Әрбір киім үлгісінің өзі XV ғасырдағы әлемді суреттейді. Өнер және шынайы өмірдегі нағыз оқиға көрермендерге ұмтылмас әсер қалдыратыны сөзсіз.
Айта кетейік, «Трубадур» премьерасы 8,9,10 желтоқсан күндері Шымкент қалалық опера және балет театрында өтеді.