Шымкентте дін қызметкері екі баланы соққыға жыққан
Шымкентте дін қызметкері аят пен хадисті жаттамағаны үшін екі баланы соққыға жыққаны туралы видео тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шымкенттегі мешітте мұғалім жеті және тоғыз жастағы екі баланы соққыға жыққаны туралы әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Кәмелетке толмағандар аят пен хадис жаттамағаны үшін дін қызметкерінен таяқ жегенін айтқан.
Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласында екі баланың денесіне зақым келгені туралы бейне таралды. Оқу-ағарту минситрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жайтқа алаңдап отыр. Болған жағдай баланың физикалық және (немесе) психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан немесе оны қорлаудан қорғау құқығын тікелей бұзып, қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр, - делінген Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми мәлімдемесінде.
Комитет ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін кешенді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді ұсынды.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол берген барлық тараптың іс-әрекетін айыптаймыз. Балалар ешқашан зорлыққа ұшырамауы керек. Комитет басшылығы бұл жағдайды жеке бақылауда ұстап отыр. Осы мәселе бойынша облыстық білім басқармасы, Шымкент қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі және Ішкі істер органдарының басшылығымен тұрақты байланыс орнатылды, - деп ақпарат таратты комитет.