Шымкентте депутат жолда қауіпті маневр жасағаны үшін көлігінен айырылды
Әлеуметтік желілерде Lexus көлігінің бейнежазбасы тарады. Онда жүргізушінің Шымкент көшелерінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анық көрінеді: жолаушы көліктен тура жол айырығында түсіп жатыр, салондағылар белбеу тақпаған, ал көлік қарсы жолаққа шығып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Telegram-арналардың жазуынша, көлікті Түркістан облысы Байдібек ауданы мәслихатының депутаты, "Қарабатыр" ЖШС директоры Ерғали Аманбаев басқарған.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі көлік жүргізушісінің анықталғанын растады. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша жауапқа тартылды: жалған нөмір тағу, қарсы жолаққа шығу, сақтандыру полисінің болмауы, қауіпсіздік белдігін тақпау, тыйым салынған жерлерде көлікті кері жүргізу және басқа да заңбұзушылықтар.
Құқықбұзушының көлігі айыптұраққа қойылды.
Заң бәріне ортақ. Қандай да бір лауазымына, мәртебесіне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, кез келген жол ережесін бұзу анықталып, жолы кесілетін болады, – деп атап өтті полиция.