Шымкентте дәріхана жанындағы процедуралық кабинеттерде 4 адам қайтыс болған
Оқиғалардан кейін департамент құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 13 жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Шымкентте дәріханалар жанындағы процедуралық кабинеттерде 4 адам көз жұмды. Аталған жағдайларға қатысты тексеріс жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Өткен жылы Шымкенттегі дәріханалар жанындағы процедуралық кабинеттерде төрт адам қаза тапқан. Мамандардың айтуынша, азаматтар өздерін нашар сезіне келе, осы кабинеттерге жүгінген, бірақ медициналық манипуляциялардан кейін жағдайлары қиындап, жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған.
Бұл әртүрлі дәріханалардың ішіндегі процедуралық кабинеттер. Препараттар тұтынушыға қолданылған кезде қайтыс болу жағдайлары тіркелді, – деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті басшысының орынбасары Полат Бердалиев.
Оқиғалардан кейін департамент құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 13 жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 12 процедуралық кабинет қызметін тоқтатты, сондай-ақ 14 әкімшілік хаттама түзілді.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарға қатысты тиісті шаралар қабылданды, құқық қорғау органдарына және полиция департаментіне процесстік шешім қабылдау үшін хаттар жолданды, – деді Полат Бердалиев.
Сонымен қатар дәріханаларда 25 психотроптық препаратты заңсыз сату фактісі анықталды. Сондай-ақ стоматологиялық клиникаларға да назар аударылды: түскен шағымдар негізінде 34 мекеме тексерілді. Жоспардан тыс тексерістер нәтижесінде жалпы 331 әкімшілік хаттама рәсімделіп, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 41 миллион теңгеден асты.