30 Шілде 2026, 19:22 Фото: Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы

Шымкентте дәрігерлер 15 жастағы жасөспірімнің асқазанынан 1 кг шаш түйінін алып шықты

Қалалық балалар ауруханасына іші ауырған жасөспірім жедел жеткізілді.

Шымкентте дәрігерлер асқазанынан трихобеозар – тығыз шаш түйіні анықталған 15 жастағы жасөспірімге шұғыл ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қалалық балалар клиникалық ауруханасының мәліметінше, 2011 жылы туған ұлды жедел медициналық жәрдем бригадасы жеткізген. Ол ішінің ауыруына, тәбеттің жоқтығына, жалпы әлсіздікке және ашушаңдыққа шағымданған.

«Қабылдау бөлімінде науқасты кезекші хирургтер қарады. Диагнозды нақтылау үшін зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізілді. Оның ішінде жалпы қан және зәр талдауы, ультрадыбыстық зерттеу, құрсақ қуысы ағзаларының шолу рентгенографиясы мен компьютерлік томографиясы бар. Тексеру нәтижесі бойынша нақты диагноз қойылды», – деп хабарлады ауруханадан.

Ота барысында дәрігерлер жасөспірімнің асқазанынан ұзындығы шамамен 30 сантиметр, салмағы 1 килограмдай болатын трихобеозарды алып шықты.

Отадан кейін ұл бала жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды, қазір ол дәрігерлердің бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда дәрігерлер қыз баланың асқазанынан үшінші рет шаш түйінін алып тастады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы (@detbolasar)