Шымкентте бесінші ауданның құрылуы халықпен кері байланыстың нығаюына жол ашты
Тұран ауданының құрылуы халықпен кері байланыстың нығаюына ықпал етіп, тұрғындарды мазалайтын өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне жол ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Тұран ауданының әкімі Боранбай Болатбеков мәлімдеді.
Шымкент қаласында жаңадан бесінші ауданның құрылуы — халықпен кері байланыстың нығаюына ықпал етіп, тұрғындарды мазалайтын өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне жол ашты. Мәселен, тұрғындар көшені жарықтандыру мәселесін бізге айтады. Біз энергетика басқармасына өтінім беретін едік. Осы жағдайды қала басшылығына түсіндіріп едік, жарықтандыру бағытына бөлінетін қаржы бойынша шешім қабылдау өкілеттілігін аудан әкімдіктеріне берді. Соның нәтижесінде биыл Тұран ауданында 22 көше жарықтандырылса, 2024 жылы 200 көшені жарықтандыруды жоспарлап отырмыз, — деді Боранбай Болатбеков.
Брифинг барысында аудан әкімі жол құрылысы, шағал тас төсеу, сапалы электр қуатымен, ауыз сумен қамту, газдандыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ, «Халық қатысатын бюджет» жобасының орындалу барысы туралы да баяндалды.