Бүгiн 2026, 17:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ербол Бекболат

Шымкентте базар әкімшісі саудагер әйелді зорлаған: Қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте базар әкімшісіне қатысты зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел полицияға арыз жазған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.

Шымкентте базарлардың бірінің әкімшісіне қатысты зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Қалалық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты BAQ.KZ тілшісіне түсініктеме берді.

Әйел полицияға арызданған

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, полицияға арызбен базарда сауда жасайтын әйел жүгінген. Оның айтуынша, ол жалдау ақысын кейінге шегеру мәселесімен базар әкімшісіне барған.

Жәбірленуші ер адамның өзімен дөрекі сөйлесіп қана қоймай, қызметтік кабинетінде зорлық көрсеткенін мәлімдеген.

Бұл оқиға туралы құқық қорғаушы Ләззат Ракишева әлеуметтік желіде жазба жариялап, жағдайға қоғам назарын аударды. Оның айтуынша, әйел үш баланы асырап отыр және қиын әлеуметтік жағдайда өмір сүреді.

Полиция не дейді?

Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған фактіні растады.

Ведомство мәліметінше, азаматша Е.-нің арызы негізінде сол күні қылмыстық іс қозғалған.

Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларының жазбалары алынған және зерделенуде. Сондай-ақ оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар мен куәгерлерден жауап алынып, әр тараптың уәждері тексерілуде, - деп хабарлады қалалық Полиция департаменті.

Полицияның хабарлауынша, тергеу органдарының қарамағында оқиғаның ретін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін объективті материалдар бар.

Құқықтық баға тергеу нәтижелері бойынша ғана, қолданыстағы заңнамаға сәйкес берілетіні айтылды.

Сондай-ақ полиция азаматтарды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды. Жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылған.

Бұған дейін Түркістанда әкесін қатыгездікпен ұрып-соққан азаматқа қатысты үкім қайта қаралғанын хабарладық. Апелляциялық сот жазаға өзгеріс енгізіп, мерзімін ұлғайтты.