Шымкентте әйел адам пышақ жарақатынан көз жұмды
Шымкентте әйелін пышақтаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Шымкент тұрғынын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, күдікті жәбірленушіні бірнеше жерден пышақтаған, әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Қылмысқа екеуінің арасындағы келіспеушілік себеп болған. Қайғылы оқиға туралы полицияға куәгерлер хабар берген.
Полиция қызметкерлері күдіктіні «ізін суытпай» ұстады. Ұстау кезінде қарулы ер адам қарсылық көрсеткен, сондықтан тәртіп сақшылары заңнама талаптарына сәйкес табельдік қару қолдануға мәжбүр болды. Күдікті медициналық мекемеге жеткізіліп, қамауға алынды, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр.
Еске салсақ, жақында ғана Шымкентте осыған ұқсас бүкіл елді дүр сілкіндірген қылмыстық оқиға болған еді. 11 қаңтар күні көп қабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.
Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған.
Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласындағы ауруханада дәрігер-терапевтке пышақпен шабуыл жасалып, ол алған жарақаттарынан көз жұмды. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін өз еркімен полицияға берілген. Шабуыл кеше, 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де болған.