Шымкентте асқазанынан 3 келі тас табылған бегемот өлді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте құтқарушылар көмек көрсеткен бегемот өлді. Жануар зообақта 17 жыл бойы көрермендердің сүйікті жануарына айналған болатын.

Бұл туралы Шымкент зообағы Instagram-да жазды.

Құрметті, Шымкент қаласының тұрғындары! Біздің зообағымыздың төлі, көрермендеріміздің көзайымына айналған жануарымыз сусиыр лақап аты «Тұрсын» ауруынан айықпай, 2022 жылдың 8 қаңтарында өлді. 2004 жылы 5 қыркүйекте біздің хайуанаттар бағында дүниеге келген. 17 жыл бойы көрермендердің сүйікті жануарына айналды, - делінген хабарламада.

Мәліметке сәйкес 2019 жылы қазан айында бір апта шамасында жем жеуден бас тартып, жоғарғы және астыңғы тістерінің айқасып қалғандығы байқалған. Сусиыр өте қауіпті жануар болғандықтан, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерінің көмегіне жүгіндік. Олар гидравликалық қайшының көмегімен тістерін қысқартты. Ары қарай зообақтың ветеринар дәрігерлері емдеу шараларын жүргізді.

2021 жылдың соңғы үш айында сусиырдың тәбеті төмендеп, үлкен дәретке шығуы қиындап, қатты күшенгеннен тоқ ішегі сыртына шығып кетті. Ветеринарлық қызметкерлер жануардың денсаулығын қалпына келтіру бойынша барлық іс-шараны жүргізді, дәрілік заттар мен дәрумендер берілді. 2022 жылы қаңтардың 1 күні сусиыр азықтанудан толығымен бас тартты, төменгі тістерінің өсуіне байланысты қызыл иектің қабынуы пайда болды, оның тістеріне қайта қысқарту процедурасын жүргіздік, содан кейін тістерді емдеу жұмыстарын жалғастырды, - деп жазды зообақ.

Айтуларынша, сусиырдың жағдайы күрт төмендеп, қаңтардың 8 -і күні өлген.

Жануардың не себептен өлгендігін анықтау үшін ветдәрігерлер денесін ашып көрді. Нәтижесінде қойылған диагноз өкпе эхинакоккозы, бауыр циррозы, асцит, созылмалы жүрек ауруы, асқазан және тоқ ішек қатерлі ісігімен ауырғаны анықталды. Ең басты себеп - асқазанында әртүрлі мөлшердегі тастардың болғаны (шамамен 3 келі). Бұл асқазан мен ішектің асқынулары мен бітелуіне әкеліп соққан.

Зообақ қонақтардан жануарларға бөгде заттарды тастамауды және жануарларды азықтандырмауды сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы