Шымкентте Тұңғыш президент күніне орай ашық сабақ өтті

Шымкент, BAQ.KZ. Шымкент қаласында орналасқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ҚР Тұңғыш президенті күні аясында "Қазіргі Қазақстан. Елбасының көшбасшылығының сабақтары" атты Жалпыреспубликалық ашық сабағы өтті. 

Ашық сабаққа университеттің 8000-ға жуық студенті қатысып, лекторлардың Елбасы жөніндегі дайындаған баяндамаларын тыңдады. 


М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Пернешқызы Қожамжарованың айтуынша, бұл жиын бұрыңғыдан өзгеше.

Неге десеңіз, әр лектор өздігінше Елбасы жайлы сан түрлі ақпараттармен бөлісті. Лекторлар қатарында облыстық мәслихаттың депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер бар. Әр тұлға студенттерге жеке – жеке дәріс оқып, ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың өмір жолымен таныстырып, ұлт көшбасшысы жайлы естеліктерін де айтты. Мәселен, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов аталған университеттің құқықтану және заңтану факультеттерінің студенттерімен ашық пікір алмасты. Ұлт көшбасшысының өмір жолын, еліміз үшін атқарылған жұмыстарға шолу жасап, жастарға бірқатар ақпарат таратты. Аудан әкімі тек мұнымен ғана шектелмей, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді. Әрине, қазір жастар арасында жұмыссыздық мәселесі өте көп. Ал М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да білім алушы студенттердің сауалдарының басым бөлігі мемлекеттік қызметке орналасудың амал-тәсілін білуге бағытталды, - дейді Дария Қожамжарова.

Осы орайда Шымкент қалалық Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов баршасын "1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті" күнімен зор ықыласпен құттықтады. 

Атам қазақ басынан кешкен әр тарихи кезеңін "Тәңір", "Тағдыр", "Табиғат" деген құдіретті ұғымдармен байланыстырып отырған. Біздің заманымызда "Тәңір", "Тағдыр", "Табиғаттың" пейілі түсіп, қазақтың маңдайына берген Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасының кемел ақыл-ойы, керемет күш-жігері арқасында егеменді Қазақ елі қайта түлеп, қарыштап өркендеді.

Егемендіктің бастапқы жылдарында мемлекет құрушы қазақ халқының саны барша ел халқының жартысына да жетпеуі тәуелсіздікті қолда нық ұстап қалуға едәуір қауіп туғызғаны да ақиқат. Сондай күрделі кезеңде президент елімізді мекен еткен барша ұлыстарға ортақ болашақты бірлесе қалыптастырмай тағдырласа өмір сүру мүмкін емес екенін, заманауи қуатты мемлекет құру жолында жұмылған жұдырықтай бірге еңбек ету қажеттігін сөз жүзінде айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдеп берді. Расында да, Елбасы ешбір мемлекетте болмаған бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, этносаралық қатынастарды жетілдіруде жемісті істерге жол ашты.

Нұрсұлтан Назарбаев – халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған: тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан қалың елдің мұңдасы, тағдырласы, елінің есіктегі басын төрге шығарған, әлемге кеңінен танылған, іргелі елдердің басшыларымен сөйлескенде сөзі асатын, егескенде еңсесін басатын, елдескенде мейірін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы саясаткер.

Осы қасиеттерінің арқасында еліміздің 14500 км астам шекарасын көрші елдерімен бекітіп алды. Бүгінгі Қазақстан – шекарасы орныққан, мемлекеттік рәміздері Халықаралық ұйымдардың төрінен орын тапқан, әлемдік саясатта өзіндік орны бар мемлекет! Олай дейтініміз, Елбасының жаһандық деңгейдегі идеялары мен бастамаларының маңызы зор. Атап айтқанда, жаһандық қауіпсіздікке үлес қосу, қарулы қақтығыстарды болдырмау мақсатындағы әлемдік лидерлерді бітімгерлікке шақыру, ядролық қарусыздану мәселесіне үлес қосу сияқты қадамдарын айтуға болады. Елбасының ерен еңбегінің арқасында 2016 жылғы 28 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайланды. Былтырдың тағы бір жаңалығы "Ядролық карусыз әлем және жаһандық қауіпсіздікке үлес үшін Назарбаев сыйлығы" тағайындалды. Бұл дегеніміз Елбасының Әлем қауіпсіздігіне қосқан үлесін мойындау деген сөз, - деді Бахадыр Нарымбетов. 


Оның сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев – жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін қайраткер, адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын жіті ойлайтын, әлемнің озық тәжірибесін ұтымды пайдаланып, ата-бабадан қалған асыл өнегемен әдемі ұштастырып келе жатқан стратег. 

Елбасы үнемі халқына сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Президентті қолтығынан демеген де, демейтін де, қолдаған да, қолдайтын да – туған халқы. Қиын қыстау кезеңде 2030-стратегиясын жариялағанда сырттағы да, іштегіде небір саясаткер мысқылдап, орындалуына күмән келтірген болатын. Дегенмен, Қазақстан халқы Елбасына сенді, айналасына жиналып, мақсаттарға жол алды. Нәтижесінде кезінде ғажап-ертегі боп түйілген жобалар мерзімінен бұрын жүзеге асқанына баршамыз куәміз! Елордасын Ақмолаға көшіру бастамасы да бастапқыда көптеген пікірді туғызған еді. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы әлемге танылып, қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Мақсатын білген адаспас дегендей, бүгінде біз Қазақстан 2050 бағдарламасын ту етіп келеміз! Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету біздің ұрпақтың басты мақсатына, ұлттық идеямызға айналды. Бұл мақсат-межелерге де жетеріміз айқын. Бастысы бағытымыздан таймай, ел бірлігін сақтай отырып, президентіміздің айналасына жиналып, жұртты Елбасы бағыттаған мақсаттарға жұмылуымыз қажет, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы