Шымкентте қарилар сайысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент орталық мешітінде халқымыздың ұлы тұлғасы, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына арналған Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан IX республикалық Құран жарысына іріктеуі сайысы өткізілді.
Қос мерекелік шараға орайластырылған шараны тәжірибелі жүргізуші, дінтанушы Азамат Әбдікерімұлы жүргізіп, шараның шырайын кіргізді.
Қасиетті Құран жарысының салтанатты ашылуында Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов құттықтау сөз сөйлеп, барша іріктеу жарысына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа барлық талаптары мен ережелерінен өткен 62 қари іріктелініп, қатыстырылды. Іріктеу жарысына білікті һәм тәжірибелі қари-ұстаздар төрелік етті. Атап айтқанда, Камалжан қари Сыздықов, Ықылас қари Майлан, ұстаз Мейірбек қари, Сәрсенбаев, Шәукат қари, Әшімжан Абдусамат, Нұрсұлтан қари Мамедалиевтер әділ бағаларын беріп, төрелік етті. Іріктеу жарыстың ережелері мен талаптарынан сүрінбей өтіп, төрт номинациясы бойынша мына қарилар жүлделі орындарға ие болды.
Толық Құранның 30 парасын жатқа оқудан, бірінші орынды Мырзагелді Иманәлі иеленсе, екінші орынды Рамазан Дархан еншіледі. Ал үшінші орын Хикматжанов Абдулбасидке бұйырды.
Құранды мәнерлеп оқу бойынша, Рысбек Әділет бірінші орын алса, Тұрсунқұлов Юсуф екінші орыннан көрінді. Үшінші орынды Исабеков Нұрсұлтан иеленді.
Cондай-ақ, Құранның 20 парасы, 10 парасы бойынша да жеңімпаздар мараматталды.
Айта кетсек, Құран Кәрім іріктеу жарысында бірінші орын иелеріне IX республикалық Құран жарысына жолдама берілсе, қалған қатысушы қариларға сый-сияпаттар мен арнайы алғыс хат табысталды.