Шымкентте анасының көлігін рұқсатсыз жүргізген жасөспірім жол апатына ұшырады
Шымкентте сот жасөспірімнің анасын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жасөспірім рұқсатсыз анасының көлігін жүргізіп, жол апатына ұшыраған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2011 жылы туған жасөспірім көлік жүргізу құқығы болмастан, анасына тиесілі Hyundai KONA автокөлігін басқарып, қала көшелеріне шыққан.
Содан кейін Шымкент қаласы Сауле мөлтек ауданында, Наурызым мен Ақжарма көшелері қиылысында бөтен автокөлікпен соқтығысып, жол-көлік апатына ұшыраған.
Сот анықталған мән-жайларға сүйене отырып, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін мойындағанын, өкінгенін, қамқорлығында кәмелетке толмаған төрт баласы барын ескере отырып, ӘҚБтК-нің 819-бабы 2-бөлігінің негізінде әкімшілік айыппұл сомасын айыппұлдың жалпы сомасынан отыз пайызға қысқартуға болады деп есептеді, ал жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталмағанын ескеріп, С.-ны 127-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 25 950 теңге айыппұл жазасын тағайындады, - деп хабарлады Шымкент сотының баспасөз қызметі.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда рөлде отырған жүргізушінің жүрегі тоқтап қалып, бірнеше көлік соқтығысқаны хабарланды.