Шымкентте алғаш рет жас ғалымдар слеті өтті
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Шымкент қаласында «QazScience: жас ғалымдар слеті» ғылыми іс-шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шымкент әкімдігі мәлім өткендей, елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан басқосуға өңірдегі ЖОО басшылары, бизнес пен индустрия саласында жетістікке жеткен ірі өндіріс орындарының жетекшілері мен медицина, энергетика, нанотехнология, аграрлық, әлеуметтік және гуманитарлық саласының ғалымдары мен жас ғалымдар қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жас әрі белсенді жастарды ғылыми ортаға тарту жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Жиынды биология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылыми академияның президенті Күнсұлу Закарья ашып беріп, бүгінгі жас ғалымдардың слеті еліміздің ғылыми әлеуетін, ғылыммен өндірістің байланысын, ондағы туындаған мәселелерді ортаға салып, жастардың ұсынысын тыңдауға жол ашатынын жеткізді.
Бүгінде академия жанында ғылымды дамытудың 10 басым бағыттары бойынша жас ғалымдардың жұмыс тобы құрылған. Қазір бұл топта 600-ге жуық жас ғалым бар. Жұмыс тобы жиі бас қосып, ғылымды дамыту жөніндегі ұсынысын ортаға салады. Академияның тағы бір маңызды жұмысы – өңірлік ғылымды дамыту. Бұл бағытта оңтүстік өңірге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Экономиканың басты қозғаушы локомативі ғылым болуы қажет. Сол себепті Академияда әр өңірдің басым салаларын зерделеп, зерттеулер үшін перспективалы бағыттарды анықтауға назар аударып жатырмыз. Еліміздің ғалымдары аймақтардағы кейбір түйіткілді мәселерді шешуге арналған бірқатар жобаларды іске асыруға дайын. Академияға осы күнге дейін 100-ге жуық жоба мен ұсыныс келіп түсті. Біз бұл жобаларды әр өңір мен қала әкімдіктеріне жолдадық. Бұл өңірдегі ғылымның дамуына оң әсерін беріп, ел игілігіне қызмет жасайды деген сенімдеміз, – деді Күнсұлу Дальтонқызы.
Ғылыми басқосуды ұйымдастыруға Шымкент қаласының әкімдігі, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, «Alageum Electric» АҚ мұрындық болып отыр. Жиында сөз алған қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев Шымкент қаласында ғылымда дамытуға әлеует зор екенін алға тартты.
Экономикада ғылымсыз ешқандай прогресс болмайды. Осы орайда, Шымкент қаласындағы 8 жоғары оқу орнында 7 мыңдай ғалым мен педагогтер жас буынға дәріс беріп келеді. Қазіргі жаңа технология мен инновация дәуірінде үшінші мегаполисті қауіпсіз қала етуге, «Смарт-сити» құруға, қолайлы ортаны жасақтауға ғылыми жобалардың маңызы зор. Бұл бағытта жас ғалымдарға үлкен сенім артамыз, – деді Өнербаев.
Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында ғылымдағы түйіткілді мәселелерді шешетін механизмді іске қосты. Еліміздің ғылым саласын дамытудың басы-қасында жүрген, Академияның вице-президенті Асқар Жұмаділов, ғылымды бизнеспен үлестіріп, жетістіктерге жеткен Серікжан Сейтжановтар баяндама жасап, жобаларымен бөлісті.