Шымкентте аламан бәйге өтіп, Арлан деген сәйгүлік топ жарды

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына Шымкент қаласында аламан бәйге өтті. 18 шақырымдық аламан бәйгеге Қазақстан мен Қырғызстаннан 29 сәйгүлік қатысып, Арлан деген жүйрік мәре сызығын бірінші боп кесіп өтті, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

 

Аламан бәйге Шымкент қаласының жаңа ипподромында болды. Ұзындығы 2012 метрлік айналма жарыс жолына шыққан 29 сәйгүліктің қатарында Алматы облысынан Қарқара, Абай облысынан Нарқызыл, Қырғызстаннан Қалімқас, Шымкенттен Арлан деген және тағы басқа жүйріктер бар.

Аламан бәйгенің алғашқы айналымдарында шабандоздар бір-бірінің аңысын аңдап, тізгінді тарта шапты. Өйткені олар 9 айналым жасайды. Бесінші айналымда Шымкенттен Арлан деген сәйгүлік алға шықса, оның ізін ала Алматы облысының Қарқара деген жүйрігі өтті. 

Бәйгенің 12 шақырымы – алтыншы айналымда да осы қатар сақталып, №10 нөмірлі Арлан алға озса, оның ізін тағы да Қарқара жалғады. Үшінші боп Қырғызстаннан келген №26 нөмірлі Қалімқас деген сәйгүлік жетті. 

Шымкент қаласының дүлділі – Арлан деген сәйгүлік 7 айналымда да топ бастады.  Шабандозы – Айтқабыл Қабыл. 11 жаста екен. Ол атты тақымымен сезіп, барынша күшін сақтап келе жатқаны сезіледі. 

 

8 айналым өте тартысты өтті. Алда келе жатқан жүйріктердің шабандозы тізгінді босатып, ерік бере бастады. 8 айналымды Арлан бастады. Оның артынан қуып келе жатқан Қарқара (Алматы), Қалімқас (Қырғызстан), Нарқызыл (Абай) жүйріктердің қай-қайсысы да жүлделі орынға лайық екен. Бірін-бірі оздырмай сегізінші айналымды қатар шапты. 

Осылайша, аламан бәйгенің тоғызыншы айналымы басталды. Мұнда да Арлан басқасына жеткізбей, 9 айналымның ортасында алға ұзады. Көпшіліктің делебесін қоздырып отырған аламан бәйгенің 17 шақырымында сәйгүліктер қатары мына ретте түзілді: Арлан, Қарқара, Қалімқас, Нарқызыл. Осы төрттіктің қай-қайсысы да мәре сызығын алғаш боп кесіп өтуге лайық-ақ еді. 

 

Бірақ аламан бәйгенің мәре сызығын кесіп өтер сәтте бір өзгеріс болды. Айналым соңына қарай Арлан мен Қарқара таласты. Әйтсе де Арланның шабандозы атына қамшы басып, Арлан топ жарды. Екінші боп Қарқара (Алматы облысы. Иесі – Жанкөліковтер әулеті, шабандозы - Нұрмахан Ділнұр.) келді. 

Аламан бәйгенің бас жүлдесіне Astana Motors компаниясы Hyundai BAYON автокөлігін тігіп, автокөлікті Шымкент қаласынан қатысқан Арлан деген сәйгүлік жеңіп алды. Оның иесі Бағжан Бөрібаев деген кісі екен. Атбегісі - Тимур Құрмаев, ал шабандозы Қабыл Айтқабыл. 

22 наурызда Шымкент қаласында өткен аламан бәйгені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Шымкент қаласы әкімдігі, Astana Motors компаниясы мен Kusto Group компаниясының қолдауымен ҚР Бәйге федерациясы ұйымдастырды. Аламан бәйге де Шымкентте үш күнге жалғасқан Great Qazaq Games этнофестивалі аясында болды. 

Этнофестивальге қатысушылар Ulttyq oiyn (аламан бәйге, көкпар, топ бәйге, аударыспақ, құнан бәйге, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, садақ ату), Ulttyq tagam (бауырсақ, қымыз, сірне, шұбат, жент, қуырдақ, ет), Ulttyq oner (терме, жыр, қобыз бен домбырада күй, дәстүрлі ән, жетіген, айтыс, би) және Ulttyq kiim (қамзол, сәукеле, қалыңдық киімі, тақия, шапан, ерлер киімі үлгілері) бойынша сайысқа түсті. Барлығының жеңімпазын 22 наурызда марапаттады, – деді  Great Qazaq Games этнофестивалінің бас продюсері Жан Мұханов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы