Шымкентте «Әділет» партиясының өкілдері цифрландыру мен әлеуметтік бастамаларды талқылады
Шымкент қаласында «Әділет» партиясының бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумы өтті. Оған еліміздің өңірлерінен екі мыңнан астам өкіл қатысты. Құрылтай депутаттығына кандидаттар сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, өңірлік ұйымдардың ұсыныстарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай бастауыш ұйымдардың азаматтармен байланыс орнатудағы маңызын атап өтті.
«Бастауыш партия ұйымдары – партиямыздың халыққа ең жақын буыны. Дәл осы жерде азаматтардың өтініш-тілектері тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланады және оларды шешу жолдары бірлесіп қарастырылады», – деді Айбек Дәдебай.
Құрылтай депутаттығына кандидат Бағдат Мусин бағдарламаның цифрландыру бағытын таныстырды. Онда бес миллион қазақстандықты жасанды интеллект құралдарын қолдану дағдыларына үйрету, AI және deeptech салалары бойынша 100 мың маман даярлау, сондай-ақ Мамандықтарды трансформациялау ұлттық орталығын құру көзделген.
«2027 жылға қарай ауыл тұрғындарының кемінде 97 пайызы сапалы интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс», – деді ол.
Әлеуметтік бағытты Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Зәкиева таныстырды. Ұсынылған бастамалар қатарында бір миллион жұмыс орнын ашу, оның ішінде ауылдық жерлерде 350 мың жұмыс орнын құру, балабақшаларда 79 мың орын және мектептерде 300 мың оқушыға арналған орын ашу бар. Сонымен қатар тоғыз перинаталдық және 27 оңалту орталығын салу жоспарланған.
Форумға қатысушылар еңбек құқықтары, өндірістегі қауіпсіздік, кадр даярлау, бизнесті қолдау және инвестициялық ахуал мәселелерін талқылады. Өңір өкілдері цифрлық шеберханалар құруды және сайлауалды міндеттемелердің орындалуын қадағалайтын онлайн жүйе енгізуді ұсынды.
Сапар аясында партия өкілдері мәдениет және өнер қайраткерлерімен де кездесті. Кездесу барысында кітапханаларды дамыту, театрларды қолдау, ұлттық драматургия мен креативті индустрияларды өркендету мәселелері сөз болды.
Партия мәліметінше, Қазақстанда 3545 бастауыш партия ұйымы тіркелген. Олардың құрамында шамамен 650 мың адам бар.