Шымкентте 79 көп қабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңарады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің көп қабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту бойынша берген тапсырмасы өз шешімін тауып жатыр. Қала әкімі Шымкент - ТМД елдерінің астанасы аясында қаланың негізгі орталық көшелеріндегі көп қабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жөндеуді тапсырған болатын.
Атқарылып жатқан жұмыстар толығымен аяқталар болса, шаһардағы 79 көп қабатты тұрғын үйдің сырты жаңа келбетке ие болады.
Әкім тапсырмасының орындалуы және құрылыс саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар барысы жөнінде Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Б.Мамыталиев баяндады.
Республика және Тәуке хан даңғылы бойындағы шұғыл жөндеуді қажет ететін 43 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңарды. Жөндеу жұмыстарын "Отау Строй", "А.Р.Т. Құрылыс", "Канфар Билдинг", "Корпорация Ақ ордасы", "Шымкент строй", "КазМедеоГранд", "БекСтройСервис", "Лидер-НК" және "Югстройсервис-Н" секілді компаниялар жүргізді. Бүгінгі таңда 43 үйдің сыртқы қасбетін жөндеу және витраж орнату жұмыстары толық аяқталды, - деді ол.
Сонымен қатар, Асар шағын ауданында көп қабатты 30 тұрғын үйдің қасбетін жөндеу қажеттілігі анықталған. Бүгінгі таңда 28 үйде жұмыстар толығымен аяқталып, ал қалған екі үйдегі жөндеу жұмыстарының 90% пайызы атқарылғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, Әкімшілік-іскерлік орталығында алты үйге "А.Р.Т. Құрылыс" компаниясы жөндеу жүргізіп жатыр. 4 үйдің сыртқы қасбеті қалпына келтірілді, қалған 2 үйдің жұмыстары жақын арада бітетін болады.
Осы орайда жөндеу жұмыстары бизнестің-әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылып жатқанын айта өту қажет.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Исландияда жанартау атқылады
Өзгелердің жаңалығы