Шымкентте 6 емхана, 200 орындық перзентхана салынады
Шымкентте әлеуметтік нысандар саны артады. Алдағы уақытта 6 емхана, 200 орындық перзентхана салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қалада медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызмет сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай әр емханаға 30 мың тұрғыннан бөлінуі тиіс.
Қаладағы 45 емхананың әрқайсысының орташа есеппен қамту көрсеткіші 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға азайту көзделген.
Жоспар бойынша 2025 жылға дейін қалада 6 емхананың қажеттілігі туындайды. Нысандар құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салынады, – деп жазылған Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Бұл №1 перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Орталықтың іргетасы Ақжайық шағын ауданында қаланады.