Шымкентте 3D форматтағы жаяу жүргіншілер жолағы салынды
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте 3D форматындағы жаяу жүргіншілер жолағы пайда болды. Шымкентте мұндай форматтағы жаяу жүргіншілер жолағы алғаш рет сызылып отыр. 3D форматындағы жаяу жүргіншілер жолы "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның бастамасымен әлеуметтік жоба негізінде салынды.
3D форматтағы жаяу жүргіншілер жолағы Шымкенттің орталығында Төлеген Айбергенов көшесіне түскен. Алдын мұнда әдепкі жаяулар жолағы болатын. Жобаны жүзеге асыруға бастамашы болған "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Рашид Аюповтың айтуынша, ол мұндай үш өлшемді жолақ идеясын шетелдік сапарларында көріп, Шымкентте жүзег асырыпты.
"Шымкент – жол қозғалысы өте қарқынды қала. Өкінішке қарай, жаяулар жолағындағы жол-көлік оқиғасы да аз емес. Мұндай ерекше жаяулар жолағы көлік жүргізушілерінің назарын аудартатын қосымша белгіге айналатынына үміттенемін. Батыс елдерінде осындай тәжірибелердің енгізілуі – сондағы жол-көлік апатынан болатын қайғылы оқиғалар санын еселеп азайтты", - дейді Рашид Аюпов.
Ол мұндай 3D форматтағы жаяулар жолын әлемнің көптеген елінен, Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы астанасы Казань қаласынан да көргенін айтады. Мұндай жаяулар жолағын салу әлеуметтік жоба болғандықтан алдағы уақытта қала әкімдігінің рұқсат беруіне қарай Шымкенттің басқа да көшелерінде пайда болуы мүмкін.