Шымкентте 123 мың адамға жетерлік дәрі-дәрмек қоры бар – Мұрат Әйтенов

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласына дәрі-дәрмек жеткізетін 7 дистрибьютор компания бар. Жеті компания да дәрі-дәрмек жеткізу жиілігін арттырған. Шымкентте 120-125 мың адамның емделуіне жетерлік дәрі-дәрмек қоры бар. Ал қалада ауырып жатқан адам саны 20 мыңға жетпейді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы ірі дәрі-дәрмек қоймаларын аралау барысында осылай мәлімдеді.

"Шымкентте дәрі тапшылығы болмауы керек" 

Бүгін Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов қалаға дәрі-дәрмек жеткізетін дистрибьютор компаниялардың тауар қоймасына барып, ондағы дәрі жеткізу, дәрі-дәрмек қорын тексерді.

Шымкентте дәрі-дәрмек нарығында өте үлкен спекуляция жүріп жатыр. Адамдар дәрі-дәрмекті артығымен сатып алып, ертеңіне соны сатып жатыр. Ірі дистрибьютор компаниялар дәріханаларға күніне 1-2 рет дәрі-дәрмек жеткізеді. Қызу түсіретін, вирусқа қарсы дәрілерді бақылауға алдық. Шымкентте 123 мың адамның емделуіне жететін дәрі-дәрмек, яғи бір айлық қор бар. Ауырып жатқан адам саны 20 мың адамға жетпейді. Қалғаны спекуляциямен әрі қарай сатылып жатқанын байқап отырмыз. Әрбір дистрибьютор компанияларға дәрі әкелуге тапсырма бердік. Қазір апта сайын әр дистрибьютор компаниялар дәрі әкеліп жатыр, - дейді Әйтенов.

Оның сөзінше, әкімдік Шымкенттегі үлкен желілік дәріханалардың жұмысын бақылауға алып, соларды дәрімен қамтамасыз етеді. Бұл дәріханалардың өз дәрі-дәрмек қоймалары бар. Сондағы дәріханаларда шектеулі баға белгіленген.

Қазір Шымкентте шамамен 740 дәріхана бар. Соның ішінде 220-230 дәріхананы бақылауда ұстаймыз. Олар - ірі желілік дәріханалар. Қалғанының барлығы жекеменшік. Қайдан сатып алады, өзі шешеді. Ірі дәріханалармен келісім жасастық. Қазір сол дәріханаларға дәрі жеткізіліп жатыр. Дәріні дәріханаға жеткізген соң 2 сағаттан кейін таусылып кетеді. Адамдар бір дәріні жаппай сатып алады, о дәрі таусылып қалады. Жұртшылық халық аузында айтып жүрген дәрілерді сатып алып жатыр. О дәрі таусылғанымен, соны алмастыратын, ресейлік, беларустық, үндістандық, еуропалық, өзбекстандық дәрілер бар. Бағалары да әртүрлі. Бұдан бөлек мұнда, спекуляцияның түрлі амал-тәсілі бар. Кеше байқағанымыз - 10 әйелді дәріханаларға жіберіп, дәрілерді жинап алады. Сосын үстіне 4-5 баға қойып сатады. Қазір дистрибьютор компаниялар жылына белгілі бір жоспар бойынша дәрі әкеледі. Енді біз содан бөлек бір реттік әкелуді тапсырдық. Қажет болса, тағы әкеледі. Олар ірі дәрі өндіруші зауыттарға шығып, қосымша алдыртып жатыр. Шын мәнінде Шымкентте дәрі тапшылығы болмауы керек. Өйткені 5 есе көп дәрі әкелудеміз. Жағдайды пайдаланып, ажиотаж тудыруда. Қазір 120-125 мың ауру адамға жететін дәрі әкеліп жатырмыз. Бізде сондай ауырып жатқан адам жоқ. Сондықтан қала тұрғындарына айтарым – әр дәріні сақтау, қолдану талаптары бар. Әрбір дәріні дәрігердің айтуымен, рецептісі бойынша қолдану керек. Әйтпесе болмайды. Қазір дәрігерлермен сөйлескенімізде, олардың айтуынша, келіп жатқан кісілер бір антибиотик салдырған, сосын екіншісін салдырған, организмде иммунитет қалыптаспай, дәрігерлер құятын дәрілер көмек бермей жатыр екен. Қазір күндізгі стационар ашылған. Емханалар ашылған. Тіркелген емханаға барып, ауыру тарихын қарап, дәрігер рецептісімен емделу керек. Сол үшін, қала тұрғындарына айтарым – сіздің денсаулығыңыз маңызды. Сіз дәрігер рецептісімен алмасаңыз, соның зияны да бар. Қазір маған көмектесу керек. Біз дәріні әкеліп, стационарлар аштық. Әлі де кеш емес. Бізде қазір аптасына өсім 2-3 пайыз. Бұл көп емес. Сол себепті қазір адамдарға айтарым, денсаулығын, бала-шағасын сақтауы керек. Бәріміз бірігіп жұмыс істейік, - дейді Мұрат Әйтенов.
 
"Дәрі-дәрмек сатылу көлемі 2500%-ке өсті" 

"Ақ ниет" ЖШС фармацевтикалық компаниясының бас директоры Ержан Ниязәлиевтың айтуынша, бұрын компания аптасына екі рет дәрі-дәрмек әкелсе, қазір күнде әкеліп жатыр екен.


Күніне 1-2 жүк көлігі дәрі-дәрмек әкеледі. Шымкент қаласын қамтып жатырмыз. Астана мен Алматыдан жеткізіледі. Дәрі жиналды ма, жеткіземіз. Бізде физерітінді өте тапшы. Соны жеткіземіз. Қазір жолда тағы екі жүк көлігі келе жатыр. Ципролет бар. Бізге төрт аймақ қарайды. Сондағы 70 стационарға дәрі-дәрмек апарамыз. Уақытылы жеткізіп жатырмыз. 25 қызметкеріміз ауырып жатыр. Осы қоймада 40 қызметкер істесе, соның 10-ы ем қабылдауда. Қазір натрий хлориді, дексаметазон келуін күтудеміз. Өзбекстаннан 20 шілдеге дейін келеді. Сол келсе, 25 мың адамға жетерлік емдеу курсын жасаймыз. Шымкентте 52 дәріханаға жеткіземіз. Қазір бізде аз мөлшерде дексаметазон бар. Соны 4 дәріханаға бөлдік. Бақылау қойып, шектеулі түрде сатып жатырмыз, - дейді Ержан Ниязәлиев.

Оның сөзінше, 1 маусымнан 30 маусымға дейін дәрі сатылу көрсеткіші 2500%-ға өскен.

Қазір бәрі "неге дәрі жоқ" деп ұрысады. 1 маусымнан 30 маусымға дейін аралықтағы дәрі сатылу көрсеткіші 2500-ға өсті, яғни сатылым 2500 пайызға артты. Бізде жеткізу мерзімі 14-35 күн арасында болады. Сатылым күрт өскен соң, жеткізу аралығындағы тізбек бұзылды. Ортада 10 күндік тапшылық пайда болды. Енді бүгін 6 маусымнан бастап бөлек қосымша жеткізу басталады. 18 шілдеге дейін барлық тапшылықты шешеміз, - дейді Ержан Ниязәлиев.
Шымкентте 740 дәріхана бар 

Әкім Мұрат Әйтеновтың айтуынша, Шымкентте алдын ала 2 айлық дәрі-дәрмек қоры болған.

Екі айлық дәрі-дәрмек қорымыз бар еді. Соның барлығы бір аптада сатылып кетті. Содан кейін шектеу енгізе бастадық, өйткені дәрі қажет бағытта сатылмай жатқанына куә болдық. Бізде үлкен 7 дистрибьютор компания бар. Солар жеткізумен айналысады. Дәріні ауырып жатқан адам алуы керек. Біз жоспар құрғанда "қаланың 6 пайызына жететін көлемде болуы керек" деп жоспар құрамыз. Кейбір дәріні пайдаланудың бір ғана бағыты бар, ал соны басқа мақсатта пайдалануға да алып жатыр. Шымкентте 10 мың адам ауырса да, біз 150 мың адамға арналған дәрі сатып жатырмыз. Бізде COVID-19 жұқтырған 3500 адам тіркелген, оның 21%-ы емделіп шықты. Пневмониямен ауырып жатқан адам саны 2 мыңға жетпейді. Біздің өз есебімізше, емханаға бармай, үйінде ауырып жатқан адам саны ең көп дегенде - 10 мың адам. Қалада 740 дәріхана бар. Соның 200-ге жуығы желілік дәріханалар. Олардың өз көтерме сауда жүйесі болған соң, оларға спекуляция қажет емес. Ал қалғаны жеке дәріханалар. Осы қоймалардан не тағы басқа жерден алады. Солар да қазір спекуляция жасап жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес, мониторинг құрып, тексеруді бастадық. Енді ұсталған дәріханаларды жаба бастаймыз, - дейді Әйтенов.

Әкімнің айтуынша, қазір қалада 3910 провизорлық орын бар екен.

5 шілдедегі есеп бойынша, соның 75%-ында азаматтар емделіп жатыр. Тағы қосымша провизорлық орын ашамыз. Бізде қазір ауруханаға жатқызылатын науқас санының өсуі тоқтады. Айналым болып жатыр, яғни күніне 2000 адам жедел жәрдемге қоңырау соғады, соның ішінде 100-120 адам ауруханаға жатқызылады. Соншама адам ауруханадан шығып, бірінің орнын бірі басып жатыр, - дейді Мұрат Әйтенов.
 
"Екі айлық дәрі қоры 1 аптада сатылып кетті" 

Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ләззат Қашқынбаеваның сөзінше, қазір әкім бастамасымен дәріханаларға мониторинг жүргізу тобы құрылған.


Бұдан бөлек, біздің департаменттің де төрт ауданда да мониторинг тобы тексеру жүргізеді. Қазір дәріні рецептімен сатса, халыққа жетер еді. Кейбіреулер келіп, жаппай сатып алып, спекуляция жасайды. Рецептісіз сатылатын дәріні бір курс емдеуіне жетерлік мөлшерде сатады. Министрліктің №104 бұйрығына сәйкес, 6191 дәрі атауы бар. Сол дәрілердің шектік бағасы белгіленген. Қазір Шымкентте 10 дәрі-дәрмек қоймасы, сол дәрі-дәрмек қоймаларда 1 айдан астам қоры бар. Солар өз дәріханаларына, басқа шағын дәріханаларға дәрі жеткізіп жатыр. Бір дәріханаға мониторинг жасасақ, екі айлық дәріні бір аптада сатылып кетіп жатқанын анықтадық, - дейді Ләззат Қашқынбаева.
 
"Күніне 32-33 мың адамға дәрі сатамыз" 

Шымкенттегі тағы бір ірі дистрибьютор компаниялардың бірі – "Зерде компаниясы". 1993 жылы негізі қаланған компания дәрі-дәрмек жеткізеді, сатады, дайын емдік шөптерден дәрілер шығарады. "Зерде-Фарма" ЖШС директорының орынбасары Дәурен Битеміровтың сөзінше, қоймаға 3-4 күнде дәрі тиелген алты жүк көлігі келеді екен.

Жолда 3 жүк көлігіміз бар. Бүгін-ертең келеді. Бұдан бөлек, тағы да 5 жүк көлігі 4-5 күн ішінде жетеді. Сосын Үндістан, Украина мен Польшадан дәрі-дәрмек тиелген бір-бір ұшақ жеткелі жатыр. Қазір бізге 1 млн дана аскорбин қышқылы, Беларуссиядан 300 мың цефтриаксон, Ресейден 200 мың дана цефтриаксон, 100 мың дана азитромицин жеткізілді. Қоймада бар. Нимесил, вирусқа қарсы 14 мың дана ингавирин, 20 мың дана кагоцел жеткізілді. Біз бүгінгі таңда 150-200 дәріхананы қамтамасыз етеміз. Логистика бәрі дұрыс. Ауырып жатқан адамдар бар. Тағы да адам, көлік аламыз. Күніне 5 көлік, әрқайсысы 6 рет қатынайды, яғни дәріханаларға дәрі жеткізеді. Әр дәріхана күніне 1 рет, келіскеніне қарай таңертең, кешкісін не түнде дәрі алады. Қазір қалада көп адам үрейге бой алдырып, дәріні артық қорымен алып жатыр. Бүгіннен бастап тек рецептпен берілген санына сатып жатырмыз. Бұрынғы бағамен сатамыз. Бір адамға сол рецепт бойынша береміз. Сосын сатушылар рецептідегі дәріні өшіріп тастайды. Әйтпесе, алушылар сол рецептімен басқа дәріханаға барып, алады. Бүгінде бізде 42 "Зерде" дәріхана бар. Күніне 32-33 мың адамға дәрі сатып жатыр, - дейді Дәурен Битеміров.

Мұны естіген әкім Мұрат Әйтеновтың айтуынша, басқа дәріхана желілері де соншама көлемде дәрі-дәрмек сатады

Ал халық "дәрі жоқ" дейді. Қазіргі уақытта халыққа уақытылы дәрі-дәрмек жеткізу керек. Ағымдық жеткізуді де тоқтатпаймыз. Қоймада қанша бар екенін есептеңіз. Күніне вирусқа қарсы дәрі 375 мың жеткізілсе, соның 300 мыңын сатуға шығарсаңыз, қалған 75 мыңын қоймаға жинай беріңіз, - деді Әйтенов.
Шымкент әкімі екі дәрі-дәрмек қоймасының тауар қорын тексерген соң, дәріханаларда дәрі-дәрмек бар-жоғын тексеру үшін дәріханаларды аралады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы