Шымкентте 100 мыңнан астам азаматқа 42500 теңгеден берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында карантин кезіндегі шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған 100 504 азаматқа шілде айына 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Ал қала бойынша 105 821 тұрғыннан өтініш келіп түскен.

Бұл туралы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Өтебаева Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлім етті.

Әлеуметтік төлемді кімдер және қалай алуға болатыны туралы түсіндіріп өткен сала маманы бүгінгі таңда өтініш беру жеңілдеп, төлем алу тәртібі өзгергенін айтты.
Өтінімдерді egov.kz веб-порталы, 42500.enbek.kz порталы, telegram-bot-тар, Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы және де екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы беруге болады. Біржолғы төлем жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлерге, жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғаларға, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға берілетін болады, - деді Жанат Өтебаева.

Сонымен бірге, жалдамалы жұмысшы, жеке кәсіпкерлер, соның ішінде БЖТ-ны тұрақты төлеушілер (ай сайын) болып табылатын мүгедектер, студенттер, егер олар шектеулерге байланысты табыстарынан айырылса, біржолғы төлем алуға құқылы.

Айта кетейік, өтініштер 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қабылданады. Төлем шілде айына ғана төленеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы