Шымкентте 10 аумақ карантинге жабылды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласындағы барлығы 10 аумақ оқшауланып, карантинге жабылды. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаменті хабарлады. 

Шымкент қаласында 10 аумақ оқшауланып, карантинге жабылды. Атап айтсақ: Жұқпалы аурулар емханасы, "Атамекен", "Мейірім" оңалту орталығы, Екінші қалалық емхана (Медикус), Жаңаталап м.а., "Самал-1" шағынауданы, Мақталы көшесі №120А, Төрекұлов №204, 8-шағынаудан (№53 көпқабатты үй) және Желтоқсан көшесі 3 А үй карантинге жабылған. Карантин жарияланған аумақтарда жалпы 321 қызметкер жұмылдырылды. Соның ішінде: 115 полиция қызметкері, 14 қарулы күштер және 192 ұлттық ұлан сарбаздары 3 ауысымда тәулік бойы қызмет атқарып жатыр, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзған бірнеше адам қамауға алынған. 

Төтенше жағдай кезеңінде, қойылған шектеулерді бұзғаны және санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 596 тұлғаға ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабымен хаттама толтырылып, жинақтау іс-құжаттары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. 20 тұлға әкімшілік қамауға алынды, 4 тұлғаға айыппұл салынды, қалған істер қаралу сатысында, - делінген хабарламада.

Қазір Шымкентте 18 блок-бекет жұмыс істеп жатыр. Аталған бекеттерде жалпы 692 қызметкер қызмет етіп жатыр. Соның ішінде 230 полиция қызметкері, 216 медицина қызметкері, 168 қарулы күштер және 60 ұлттық ұлан сарбаздары 3 ауысымда тәулік бойы қызмет атқарады. Ал қалада барлығы 161 тойхана, 801 қоғамдық тамақтану объектісі, 29 базар және 23 ірі сауда орны бар.

Еске салсақ, Шымкентте 4 сәуір күні сағат 21:00-ден бастап карантин режимі енгізілді. Карантин режимі аясында барлық мекеменің жұмысы уақытша тоқтатылып,  тұрғындар мен көліктің барлық түріне Шымкент қаласынан шығуға және қалаға кіруіне тыйым салынды. 55 жастан асқан адамдарға аса қажеттілік туындамаған жағдайда далаға шығуға болмайды.

2020 жылдың 5 сәуіріндегі жағдай бойынша Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған 14 адам тіркеліп, бір науқас қайтыс болды

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы