Шымкентте тарихи маңызға ие орындар көп – Зәуре Оралбаева
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент – республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғалы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі жеке құрылып, жұмыс істей бастады. Аты айтқандай-ақ бұл кеңсе Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асырылуына мұрындық болып келеді.
Осы орайда Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаевамен қаладағы атқарылып жатқан жұмыстар турасында аз-кем сұхбаттастық.
- Зәуре Оралбаева, Рухани жаңғыру шеңберінде көп шаруа атқарылып жатқанын көреміз, бірақ насихатталуы қалай?
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясындағы іс-шаралар, жұмыстар насихатталып, БАҚ арқылы тарап жатыр дегенімізбен әлі де кемшін тұстары бар. "Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткізілетін іс-шара, соған қолдау көрсетіңіздер" десек, кейбір тілшілер де, редакторлар да бұған көңіл бөле бермейді. Тілшілеріміз "Рухани жаңғыру" бағдарламасының мақсатын түсіну керек. Ең басты мақсаты – халыққа пайдасын тигізетін дүниелер. Біз соны халыққа жеткізуіміз керек. Біз еңбектеніп жатқан адамдарды танытуымыз керек, бірақ жатталып қалған 5-6 тұлғаны емес, басқа да еңбек адамдарын, өсіп келе жатқан, қоғамға пайдасын тигізіп жатқан еңбек адамдарын танытуымыз керек. Халық сондай адамдардың барын білуі керек.
- Шымкентте тарихи-мәдени нысандардың, жаңа есімдердің танылуы жеткілікті деңгейде ме?
- Қазір байқасаңыз, Шымкент көшелеріне 100 жаңа есімге енген адамдардың фотосуреттері ілініп жатыр. Солардың көпшілігін ел біле бермейді. Бірақ, олар – республика көлемінде жеңімпаз атанғандар. Арасында небір мықты жастар бар. Оларды біз тануымыз керек. Арасында біздің үш жеңімпаз жерлесіміз бар.
Шымкенттік бренд, шымкенттік туризм, шымкенттік есімдерді тек айтамыз. Бірақ көрсету жағы әлсіреп тұр. Қаламызда түрлі тарихи ғимараттар бар. Соларға барып, сол орынның несімен киелі, несімен тарихи екенін де жеткізуіміз керек. Қаламызда Николский шіркеуі – қазіргі Қуыршақ театры отырған ғимарат. Бұл да тарихи мәні бар нысан. Біздің патшалық қорған яғни Дулати көшесі мен Қонаев даңғылының қиылысында орналасқан. Қазыбек би базарына қарама-қарсы бетте жатыр. Бізде сол жерге барып, көне ескерткіш ретінде сақталуын, қорғалуын жазып талдау жасап, аналитикаға мән беру әлі жоқ. Қаламызда ежелден келе атқан тұрғын үй бар. Қазір теміржол вокзалының әкімшілігі оны өзіне бір ғимарат ретінде пайдаланып отыр. Ол кезінде ағашпен қапталған үй болған. Қала қала болып, шаһар болып, Шымкент болып өркендей бастаған кезден келе жатқан үй. Шымкентте сонау 19 ғасырдан бастап келе жатқан мектеп бар. Қазір ол да бір әкімшілік ғимараты. Бүгінгі №3 колледжінің ғимараты соғыс кезінде әскерилерді апарып емдейтін госпиталь болған. Көрдіңіз бе, Шымкентте де тарихи ескерткішке айналған орындар көп. Тек оны білмейміз. Білмеуіміздің себебі – соны насихаттамауымызда. Соны біздің тұрғындар, біздің балалар білу керек. Мұның өзі – рухани жаңғыру. Сондай-ақ, Шымкенттің ресми түрде бекітілген жалпы ұлттық деңгейдегі жеті тарихи киелі орын. Олар: Абдель-Азиз баб кесенесі , Ибрагим-ата кесенесі, Қожа Талих кесенесі, Мірәлі баб кесенесі, Қарашаш ана кесенесі, Қызыр мұнарасы және Сайрам қалашығы. Жақында ғана Сайрамдағы киелі орындарға балаларды алып бардық. Олар қызығады екен. Сұрақтары көп. «Неге мұның кірпіші біздің үйдің кірпішіндей емес?» деген сұрақтар болғанда, өзің абдырап қаласың. Аралап, көргісі келеді, шыққысы келмейді. Демек айтылса, насихатталса, тыңдайтын құлақ бар. Осындай киелі орындардан адам деген рухани тазарып қайтады.
- Осы Рухани жаңғыру аясында әлемдік кітап жауһарларын қазақшаға аудару жүріп жатыр. Сол аударылған кітаптардың Шымкентке жетуі қалай?
- М. Әуезов атындағы ОҚМУ 100 жаңа кітапьы 30 аталыммен 2-кезеңдегі 12 мыңдай данасын қазір алып үлгерді. Қыркүйектен бастап, ғалымдар, профессорлар кітаптарды оқу процессіне енгізеді. Қазір осы оқулықтарға арналған көрме бар. Қала тұрғындары, студенттердің ата-аналары барып оны көрсе, тек қана ұтады. Себебі олар жай кітап емес, әлемдік деңгейде пайдаланылатын кітаптар. Қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде жарық көріп жатыр. Мұның барлығы Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар. Әрбір адам соған үлесін қосса деген тілегіміз бар.