Шымкент қаласында бұралқы иттерді ұстауға қанша қаражат бөлінгені белгілі болды
Бұралқы иттер мен иесіз мысықтар қалада өзекті мәселенің бірі екенін айттыңыз. Осы жағдаймен күресуге биыл қанша қаржы бөлінді? Мәселені қалай шешіп жатсыздар? деп БАҚ өкілдері қала әкіміне сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Иә, бұл қаладағы өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда біз қала сыртында иесіз үй жануарларына арналған орын (питомник) салып жатырмыз. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары аяқталады. Ол 1000 орынды питомник. Жалпы бұл бағытта шамамен 100 млн теңге бөлініп отыр, - деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, 1 қыркүйекте елімізде үй жануарларын тіркеуді міндеттейтін заң нормасы күшіне енген еді. Соған сәйкес, елдегі барлық ит-мысықты тіркеліп, олардың бәрінде жеке сәйкестендіру нөмірі болуға тиіс. Шымкент қаласында иесі бар 100 мың ит пен 17 мың мысық тіркелген. Солардың ішінде иесі жоқ 17 мыңға жуық ит-мысық ауланған.
Айта кетейік, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметі бойынша, 2023 жылы жергілікті бюджеттен қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жансыздандыруды ұйымдастыруға 47,8 млн теңге, оларды күтіп-ұстау үшін 81,7 млн теңге қаржы қарастырылған.