Шымкент қаласы 2021-2022 оқу жылын қалай қорытындылады?

Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. 2021-2022 оқу жылының соңында Шымкент қаласындағы мектептер саны 203-ке, ал оқушы саны 242525-ке жетті. Былтырғы оқу жылында 186 мектеп, 226679 оқушы болған. Қалада жекеменшік мектептер саны да артып келе жатыр. Қазір Шымкентте жекеменшік 51 мектеп бар. Бұл мектептерде барлығы 25254 оқушы білім алады. 

Биылғы оқу жылының салтанаты соңғы қоңырау шарасы «Жаңа Қазақстанның ертеңі» деген атаумен өтті. Осы орайда Шымкент 2021-2022 оқу жылын қалай аяқтағанын Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Рыскелді Әліштің сөзіне сүйеніп, қорытындылайық. 

Шымкентте халық саны да, сәйкесінше оқушы саны жылдан жылға өсіп жатыр. Мәселен, былтыр 9987 оқушы мектеп бітірсе, биыл 11189 оқушы білім ұясынан түлеп ұшып отыр. 

Олардың 25 мамырдағы Соңғы қоңырау іс-шарасы шектеулі түрде өтті. 

Соңғы қоңырау дегеніміз — 11 сынып бітірушілердің өміріндегі маңызды сәт. Бұл — мектеп ауқымында өтетін маңызды оқиға. Түлектердің ересек өмірге қадам басар сәті. Биыл соңғы қоңырауды өткізу бойынша нақты шектеулер қойылды. Дәлірегі, аниматорлар, жеке студиялар, мерекелік агенттіктерді тартуға, асқан сән-салтанатпен ұйымдастыруға, дастархан жасауға, жалға автокөлік алып, қаланы аралап экскурция өткізуге, мектеп басшылығы мен мұғалімдерге сыйлық беру үшін ақша жинауға, мектеп бітіру кешін мейрамхана, кафе мен көңіл көтеру орындарында өткізуге тыйым салынды, - дейді Рыскелді Әліш. 

11-сынып бітірушілердің (12-сынып бітіргендер де) қорытынды аттестаттау емтиханы 2022 жылғы 27 мамыр — 10 маусым аралығында өтеді. Барлығы бес пәннен: Ана тілі, Қазақ тілі мен әдебиеті (орыс тілі, өзбек тілі), Қазақстан тарихы, Математика болады. Бұрнағыдан бір өзгешелік — биылдан бастап қорытынды аттестаттауда Қазақстан тарихынан ауызша емтихан тапсырады. Қалғаны жазбаша өтеді. 

Ал 9-сынып бітірушілер () 28 мамыр — 6 маусымда төрт пәннен қорытынды емтихан тапсырады. 

Биыл Шымкентте 11-сыныпты 11189 оқушы бітірсе, соның ішінде 453-і «Алтын белгі» алуға үміткер. Былтыр 9987 оқушы бітірсе, соның 491-і «Алтын белгі» иегері атанған еді. Жалпы «Алтын белгі» кімдерге беріледі? 5-11 сыныптарда барлық пәннен жылдық және қорытынды бағасы «5» болып, қорытынды аттестаттауда барлық пәннен «5» деген баға алған түлектерге беріледі. Биыл 453 оқушымыз «Алтын белгі» үміткері болса, олардың 433-і ҰБТ тапсырады. Ал қалған 20 оқушы шет елдің жоғары оқу орындарына түспек. Сондықтан ҰБТ тапсырудан бас тартты, - дейді Рыскелді Әліш. 

Оның сөзінше, «Алтын белгіге» үміткерлердің жазбаша жұмысын қалалық білім басқармасының жанындағы арнайы комиссия тексереді екен. Комиссия сол пән бойынша білікті әрі тәжірибелі мұғалімдерден құралады. 

Биыл Шымкентте 11189 оқушы 11-сыныпты бітіріп жатыр десек, соның 7621-і қазақ тілінде білім алған. Ал 2089 оқушы орыс тілінде, 1479 оқушы өзбек тілінде мектеп бітіреді екен.

Барлығы 8200 оқушы ҰБТ тапсырады. Биыл ҰБТ 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. 

Шымкентте ҰБТ үш жерде өтеді. Дәлірегі, U-Study аймақтық тестілеу орталықтары бар. Оқушылар ҰБТ-ны сонда тапсырады. Тест орталықтарының барлығында қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған,-дейді Рыскелді Әліш. 

Ал енді Жазғы мектеп жайына келейік. Биыл жазғы мектеп 26 мамырда басталады, 17 маусымға дейін жалғасады. 

Жазғы мектепте 1-8 және 10-оқушылары, сондай-ақ 9-сынып бітірушілері қатысуына болады. Биыл Жазғы мектепте барлығы 143 757 оқушы қамтуды жоспарлап отырмыз. Олардың 72457-і 1-4 сыныпта оқыса, 63150-і 5-8 сынып оқиды. Ал 8150-і 10 сынып оқушылары, - деді білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Рыскелді Әліш. 

Ата-аналардың тағатсыздана күтетін және бір хабары — оқушылардың жазғы демалысы. Биыл жаз айларында аз қамтылған отбасы балалары бос уақытын тиімді өткізуі үшін оларға қала сыртында орналасқан жазғы сауықтыру лагерлеріне жолдама беріледі екен. Жалпы биыл 186634 оқушының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл Шымкенттегі барлық оқушының 88 пайызына тең. 

Балалардың жазғы демалыс кезіндегі бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды сауықтыру, дамыту мен жетілдіру мақсатында қаладан тыс жердегі сауықтыру лагерлеріне жіберу үшін 300 млн теңге бөлінді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына көбірек басымдық береміз. 300 млн теңге есебінен аз қамтылған отбасындағы 7241 оқушы, балалар үйінің 147 баласы мен Дарын мектептерінің 260 баласы қаладан тыс жердегі лагерлерде демалады. Ал ата-аналардың өз қаржысына 27655 бала лагерлерге барады, - дейді Рыскелді Әліш.

Аз қамтылған отбасы балаларына жолдама беруге өтініштер ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Egov. kz порталы арқылы онлайн қабылданады. 

Сондай-ақ, 130 мектепте 151331 оқушыны түрлі үйірмелерге, спорт секцияларына тарту жоспарланыпты. 

Жан басына қаржыландыру жүйесі аясында жеке кәсіпкерлер арқылы спорт саласы бойынша 14000 баланы, мәдениет саласы бойынша 12000 баланы қалауына қарай үйірмелерге қатыстырамыз. Бұл жаз бойы жалғасады. Сондай-ақ, біздің басқармаға қарайтын 11 білім беру ұйымы мен 17 аула клубында тегін үйірмелер ашылады. Түркістан облысы аумағындағы тарихи-мәдени орындарға экскурcия жасау жоспарланып отыр, - деді Рыскелді Әліш. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы