Шымкент полициясы жалған ақпарат таратқан екі адамды ұстады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының полиция департаменті қуатты бомба жарылысы болады деген жалған ақпаратты таратқандары үшін екі әйел адамды ұстады, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Ішкі істер органдарымен ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК 274 бабыбының 1 тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Соңғы тәуліктер бойынша аталған баппен 3 дерек тіркеліп отыр.
"Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі тұрғындарды әлеуметтік желілер арқылы және түрлі мессенджерлер арқылы таралатын жалған ақпаратқа сенбеулерін және үрейге бой алдырмауларын сұрайды. Еске сала кетейік, ресми ақпарат тұрақты түрде арнайы құрылған жедел штаб арқылы таралады", - делінген таратылған ақпаратта.
Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрлігі Арыс қаласында қайтыс болған адамдардың саны үшеу екендігін ресми түрде растайды. Әлеуметтік желі арқылы қайтыс болған адамдар саны одан да көп деген қауесет ақпараттардың жалған екендігін мәлімдейді. Егер де азаматтар зардап шеккен адамдар туралы қандай да бір қосымша деректерге ие болса, ресми түрде ішкі істер министрлігіне шағымдануға шақырады.