Шымкент полицейлері 1000-ға жуық мотокөлік жүргізушісін жауапқа тартты
Шымкент полицейлері 1000-ға жуық мотокөлік жүргізушісін жауапқа тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкентте жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен автожолдардағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ұдайы рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді. Мәселен, тәртіп сақшылары 5 тәулік ішінде әртүрлі заң бұзушылыққа жол берген 975 мотокөлік тізгіндеген анықтады.
Оның ішінде, ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігімен мотошлем қолданбағаны үшін 187 тұлғаға хаттама толтырылды. Маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін 123 жүргізуші әкімшілік кодекстің 595-бабымен жауапкершілікке тартылды.
Тыныштықты бұзғаны үшін 59 тізгіндеушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұдан бөлек, техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін көлік құралын басқарғаны үшін – 47, техникалық қарап тексеруден өтпеген – 44, жаяу жүргіншілерге басымдық бермеген – 23, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтаған-23, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өткен -14 азамат жауапқа тартылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері мотокөлік жүргізушілерінің тарапынан орын алған 2082 құқық бұзушылық анықталып, 32 мотокөлік айыптұраққа қойылды.