Шымкент: Индустриалды аймақта жиһаз шығаратын цех ашылады

Алдағы жылы Шымкентте шағын және орта бизнеске арналған «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады. Жаңа нысан бұрынғы Қорғасын зауытының аумағында орналасады, деп хабарлайды BAQ.KZ оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Үшінші мегаполиске іс сапары барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров индустриалды аймақтың құрылысымен танысты. Қазір мұнда инфрақұрылым жүйесі тартылғанымен, алдағы уақытта оның қуаттылығына тапшылық туындайды. Сондықтан сала жауаптылары министрлікке қосымша 3,5 млрд. теңге көлеміндегі қаржы бөлуге өтініш тастаған.

Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриалды аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаң салу жоспарланған. Сондай-ақ, мұнда арнайы қоймалар да салынады. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталса, 2 мыңнан астам халық жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, мұнда «Іскер қала» жобасы жүзеге асады деп күтілуде. Яғни, кәсіпкерлер үшін өндірістік бизнеске арналған орынның ақысына субсидия қарастырылады.

Бұл жерде бірінші кезекте жеңілдетілген несие береміз. Мұнда кәсіпкерлерге дайын орын дайындап береді. Яғни кәсіпкерде инвестициялық шығыны болмайды. Дайын орынға келіп өндірісін бастап кетеді. Орынды жалға алады. Жалға алу үшін тек құрал жабдыққа ақша керек. Сондықтан «Іскер қала» аясында 1,2 пайызбен 50 млн. теңгеге дейін кәсіпкерлерге береміз шағын өндірушілерге, - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев.

Осылайша келешекте «Стандарт» жеке индустриалды аймағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік алаңы ретінде қызмет көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы