Шымкент халық саны өсімі жөнінен Алматыны басып озды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласы халық санының өсімі жағынан Алматыдан озып, Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі орынға тұрақтады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Республикалық Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстан халқының саны 1 қарашаға қарай 18 млн 833 мың адамға жетіп, жыл басынан бері 0,2 млн адамға немесе 1,08 пайызға артқан.
Халық өсімі бойынша елорда көш бастап тұр, онда – 3,52%, Шымкент (2,67%), Алматы (2,61%), Маңғыстау облысы (2,43%) және Атырау облысы (1,48%). Бұл ретте Шымкент алғаш рет халық санының өсу қарқыны бойынша Алматыны басып озды.
Алматы халқы 1 млн 967 мың адамға, Астана – 1 млн 176 мың адамға, Шымкент қаласы тұрғындарының саны 1 млн 66 мыңға жетті.
Сонымен қатар, еліміздің 13 өңірінде көші-қон ағыны жалғасуда. Халықтың көші-қон өсімі бойынша да Шымкент екінші орында. Алғашқы орында Маңғыстау облысы болса, Шымқаладан соң Алматыда және Астанада ғана байқалады.