Шымкент гарнизонында әскери мамандыққа дайындық өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әскерде жаңа оқу кезеңінің басталуына орай осы жылдың күзінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасына шақырылған жас сарбаздар әскери қызметшілердің барлық санаттарымен бірге мамандық бойынша дайындықтан өтуде.

Дайындық әрбір әскери мамандық бойынша жеке жүргізіледі және жаңа жылдың қаңтар айының алғашқы күндеріне дейін жалғасады. Сарбаздар функционалдық міндеттерін, сеніп тапсырылған штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, сондай-ақ оларды дұрыс қолдану тәртібін үйренеді.

Әскери қызметшілер оқу топтарының құрамында сабақ өтеді. Дәрісті тәжірибелі маман-нұсқаушылар жүргізеді.

Шымкент гарнизонының бөлімдерінде мамандықтар бойынша барлығы 90-нан астам оқу тобы құрылды, сондай-ақ 100-ден астам тәжірибелі сержант-нұсқаушылар іріктеліп, олармен нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізілді. Сабақтарды сапалы өткізу үшін оқу-материалдық база дайындалды, – деп атап өтті механикаландырылған бригада командирі полковник Нүркен Қарағұлов.

Т-72 танкісінің механик-жүргізушілерін, нысанашы-операторларын және жаяу әскердің жауынгерлік машинасын оқыту үшін тренажер кешендері қолданылады. Жеке құрамды оқ атуға үйрету және оқ-дәрілерді жұмсамай ату шеберлігін арттыру мақсатында «ПРОФИ-2» мультимедиялық панорамалық тренажер пайдаланылады. Олар нұсқаушыға оқу процесін тікелей бақылауға, әртүрлі жағдайларды модельдеуге, ауа-райы мен күннің уақытын өзгертуге мүмкіндік береді.

Оқу материалын меңгеру деңгейін анықтау үшін мамандық бойынша дайындық аяқталғаннан кейін әскери қызметшілермен оқу пәндері бойынша бақылау сабақтары өткізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы