Шымкенттік кәсіпкер Үкімет басшысы Асқар Маминнен көмек сұрады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық кілем өндірушілер Өзбекстан нарығына тауар шығарғанда акциз салығына ілінеді. Бұл баға бәсекесінде ұтылуға әкеледі. ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің Шымкенттегі "Бал текстиль" кілем фабрикасын аралауы кезінде аталған кәсіпорын басшысы Талғат Исқақов Үкіметтен осы қиындықты шешуге көмектесуін сұрады.

Талғат Исқақовтың айтуынша, отандық тауар өндірушілер көршілес Өзбекстанға тауар сатуда мәселеге кезігеді.

- Өзбекстанмен көрші әрі тату елміз. Өзбекстанның өнімдері біздің елге ешқандай кедергісіз, яғни қосымша құн салығын төлеп қана кіреді. Ал бізде, яғни Қазақстанда өндірілген тауарларға Өзбекстанда қосымша акциз салығы бар. Сол акциз салықтарын Қазақстан тауарларынан алдырту жөнінде қандай да бір іс-шараларды қабылдауыңызды сұраймыз, - деді Талғат Исқақов.


Мұны естіген Асқар Мамин Өзбекстан тарапынан салынатын акциз салығының неше пайыз екенін сұрады?

- 15 пайыз. Олар біздің тауарға 15 пайыз акциз салығын салып отыр. Жалпы барлық тауарға акциз салығын бірдей салып қойған. Біздің тауарға да акциз салығы салынатындықтан олардың кілем өндірушілерімен бәсекелесе алмай отырмыз. Оларда халық саны көп. Өздерінде шығатын тауарды ішкі нарығында жақсы бағамен сатады, біздің елге төмен бағада сатып жатыр. Өзбекстан осы акциз салығын тек кілем өнімдеріне ғана емес, бізде шығарылатын тамақ, жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне де салады. Үкіметімізден сұрайтынымыз – Өзбекстан тарапы біздің тауарларға акциз салығын салуда квота бере ме екен, сол жағынан бізге көмек берсеңіздер, - деді Талғат Исқақов.

Мұны естіген Премьер-министр: «Жақсы, бұл мәселені қарастырып, қолдаймыз», - деп жауап берді.

Қазақстандағы ең ірі «Бал Текстиль» кілем фабрикасы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Аталған фабрикаға 11 миллиард теңге инвестиция жұмсалған. Кәсіпорын қуаттылығы – жылына 6 миллион шаршы метр кілем өнімдерін шығаруға жетеді. Зауыттың модельдік қатары кілемнің 2 мыңға жуық бірегей дизайнына ие.

- Біздің компания алғашқы өнімін 2010 жылы шығара бастады. Жоспарымызды 3 кезеңге бөлген едік. Қазіргі таңда үшінші кезеңін де іске асырдық. Осы үшінші кезең бойынша мемлекеттен 800 млн теңге, өз қаражатымыздан 400 млн теңге инвестиция жасап, 3 тоқыма станогін алдық. Өңдеуге арналған қондырғыларымызды автоматтандырдық. Қазір кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді. Жұмысшыларымыздың үш мезгіл тамағы, қаладан келіп-кету тасымалы компания есебінен төленеді. Биыл орташа жалақыны 80 мың теңгеге көтердік. Болашақтағы төртінші кезеңді жүзеге асырып, қосымша тоқыма қондырғыларын орнатамыз. Қазіргі таңда 23% өнімді экспортқа шығарып отырмыз, алда бұл көрсеткішті 50%-ке ұлғайтамыз. Қазір біздің кілемдер Ұлыбритания, Германия, Франция, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады. Енді Еуропада серіктестікті нығайтуға және Қытай нарығына шығуды жоспарлап отырмыз, - дейді Талғат Исқақов.

Зауыт кілем өндірумен қатар, полипропиленді жіптер шығарады. Бұл компанияның өндірілген кілемдер түрін кеңейтуіне және өндірістік шығындарын азайтуға мүмкіндік берді.

- Кілемнің түгіне қажетті жіпті өзімізде өндіреміз. Ол полипропилен гранулынан алынады. Қазір Атырауда газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Сол зауыт іске қосылса, онда кілемге қажетті шикізат, яғни полипропилен гранулын өзімізден алуға болады. Қазіргі таңда кілемнің жібіне қажетті полипропилен гранулын шетелден импорттап отырмыз, - дейді фабрика басшысы.

Айта кетсек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 шілдедегі № 1605 Жарлығымен құрылған. Ел экономикасының әлемдік экономикалық байланыстар жүйесіне кіруін қарқынды жүргізу үшін өңірдің дамуын жеделдету мақсатында тиімділігі жоғары, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістерді қоса алғанда, өнімнің жаңа түрлерін дамыту, инвестиция тарту, нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетілдіру, заманауи басқару мен басқару әдістерін енгізу, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін құрылған.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары өз қызметін инвестициялық преференциялар мен жеңілдіктер ұсынатын арнайы құқықтық режимде жүзеге асырады. Мысалы: дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін беру, жер және мүлік салығынан, корпоративтік табыс салығынан босатылады.

Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің берген мәліметінше, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында қазіргі уақытта жалпы инвестиция көлемі 29,5 млрд теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылған. 1396 жұмыс орны ашылды. 2010-2018 жылдары «Оңтүстік» АЭА-ның қатысушы кәсіпорындардың өндіріс көлемі 42,9 млрд теңгені құраған. Осы өнімнің жартысынан көбі жақын және алыс шетелдерге экспортталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы