Шымкент қаласының әкімі өз таңдауын жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Nur Otan» партиясының праймеризі бойынша дауыс берудің үшінші күні. Осыған орай бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылған. Қаламызда олардың саны 33. Учаскелерінің барлығында санитарлық нормалар сақталып, дауыс берушілерге қолайлы жағдай қарастырылған.
Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы М.Әйтенов Қаратау ауданында орналасқан 27 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, праймеризге қатысушыларға дауыс берді.
Праймериздің мақсаты арамыздан қабілетті, білімді, шынайы көшбасшыларды табу. Бұл саяси додаға кәсіпкерлер, құрылысшылар, медицина мамандары, мұғалімдер, жалынды жастар, көпбалалы аналарға дейін қатысып жатыр. Мен сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруді жөн деп санадым. Дауыс беру біздің бірінші парызымыз, біз дұрыс таңдау жасауымыз керек, - деп партиялықтарды белсенділікке шақырды.
Партия филиалы төрағасы барлық қатысушылардың үгіт-насихат жұмыстарымен жария пікірсайыстарын мұқият бақылағандығын атап өтті.
Мен толығымен праймеризге қатысушылардың бағдарламаларымен таныстым. Көптеген ұсыныстар партия филиалы сайлауалды бағдарламасына енгізіледі. Өзім өзінің ойын, пікірін халыққа дұрыс жеткізе алатын, қабілеті бар кісіге дауыс бердім, - деді қала басшысы.
Қаламызда жалпы 185 үміткер праймеризге қатысушы болып тіркелген болса, соның ішінде 151 кандидат додаға қатысуда. Қалған 22 үміткер түрлі жағдайларға байланысты сайыстан шыққан.
Шымкентте партия мүшелері саны 35197, БПҰ 47, білім саласында 10658 мүше, денсаулықта 4663, кәсіпкерлік саласында 864 , құрылыс саласында 1317 мүше бар.
Ресми деректерге сүйенер болсақ, 3 қазан сағат 12-00-дегі жағдай бойынша Шымкент қаласында 24 680 партия мүшесі кандидаттарға дауыс беріп үлгерген.
Сайлау учаскелерінде дауысты бүгін сағат 14:00-ге дейін беруге болады.