Шымкентте 5 жаңа мектеп ашылды
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. 1 қыркүйек – Білім күнінде Шымкентте 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бес мектептің бірі – Абай ауданына қарасты «Қызылжар» мөлтекауданында орналасқан. 900 оқушыға арналған мектеп заман талабына сай жабдықталған 3 қабатты оқу ғимаратынан тұрады.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов осы мектепте өткен «Алғашқы қоңырау» мерекелік іс-шарасына қатысты. Жергілікті тұрғындарды жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады. Оқушыларға білім мен тәрбиені қатар алып жүруге, болашақта ел үшін қызмет жасауға дайын болуды тілей отырып, ұстаздар қауымына сөз арнады.
- Жаңа мектебіміз құтты болсын. «Мектептің жүрегі – ұстаз» демекші, ұстаз деген сөз қысқа болса арқалаған жүгі ауыр, қадір-қасиеті терең. Әрқайсымыз ұстаз алдынан шықтық. Тәлім-тәрбие беру, адамгершілік қасиеттерді сіңіру, басқа да адами қасиеттерді адам баласына енгізу жолында бірінші кезекте отбасы мен ұстаз тұрады. Ұстаздарымызды қадірлей білейік. Мұғалімдердің жағдайын жасап, еңбегін сыйлап өтуіміз қажет. Ұстаз – ұлы құрмет. Болашақ басшы да, ғалым да, данасы да, еңбекқор егінші де ұстаздың тәрбиесін көреді. Сол себепті бірінші кезекте ұстаздар қауымына Жаңа оқу жылдарыңыз құтты болсын,-деді әкім.
Айта кетсек, 1 қыркүйек – Білім күніне Шымкентте барлығы 270 мектеп жұмысын бастады. Дәлірегі, 2019-2020 оқу жылында 253 мемлекеттік және 17 жекеменшік орта білім беру мекемесінде 190 мыңға жуық оқушы білім алады.
22 мыңға жуық бүлдіршін 1-сыныпқа барды. Жаңа оқу жылында 1-10 сынып оқушылары білім берудің жаңартылған бағдарламасы бойынша оқиды. Шымкент мектептерінің оқушыларына 25 мыңнан астам мұғалім білім береді.
«Қызылжар» мөлтекауданындағы жаңа мектептен бөлек, «Шаңырақ» шағынауданында 600 орынға, Әкімшілік-Іскерлік орталықта 1200 орынға және «Таскен» мөлтекауданында 300 орынға шақталған мектеп пайдалануға берілді.
Ал Әл-Фараби ауданына қарасты «Сәуле» шағынауданында орналасқан №76 мектеп жанынан жаңа оқу ғимараты, спорт залы, шеберхана және асхана ашылды.