Шымкент. 22 мың үй 96 мың тонна көмір жағады
Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылдың 15 қазанынан, яғни 2018-2019 жылғы жылу беру маусымы басталғалы бері Шымкент қаласында улы және табиғи газдан уланудың 7 оқиғасы тіркелген. 10 адам көз жұмып, 1 адам жарақаттанған. Ал Түркістан облысы аумағында осы аралықта улы газдан уланған 13 жағдай тіркеліпті. 22 адам зардап шегіп, 14 адам қайтыс болған. Оның төртеуі 16 жасқа толмаған балалар. Бұл туралы сәйкесінше Шымкент қаласы Төтенше жағдай департаментінің және Түркістан облысы ТЖ департаментінің мамандары хабарлады.
Бір айда 7 өрт шыққан
Шымкент қаласы ТЖ департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бауыржан Ізбасаровтың айтуынша, Шымкенттегі улы газдан улану оқиғаларына газ құрылғыларының ақаулары, құрылғыларды өз бетінше орнату, газ иісі шығатын құбырларын сыртқа шығармау, қолдан жасалған жылыту құрылғыларын пайдалану, жас балаларды қараусыз қалдыру, жылу беру маусымының алдында тиісті профилактикалық шараларды жүргізбеу, яғни мұржаларды тазаламау, пештердің ақауларын тексермеу және жөндемеу себеп болады.
«Шымкент қаласының Абай ауданында жыл басынан улы газдан уланудың 2 оқиғасы, ал Еңбекші ауданында 1 оқиғасы тіркелді. Салдарынан 1997 жылы туған азаматша, 2005 жылы туған жасөспірім және 1981 жылы туған ер азамат пен азаматша қайтыс болды. Жоғарыда аталған оқиғалардың екеуі жуыну бөлмесінде газ колонкасын пайдалану кезінде болса, енді бір оқиға ас үйдегі газ құрылғының ақауынан шығып отыр, - дейді Бауыржан Ізбасаров.
Бұдан бөлек 2019 жылдың қаңтар айында Шымкент қаласы аумағында 7 өрт оқиғасы тіркеліпті. Өрттен 2 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алған.
Баршаға мәлім жаттанды ереже
Осы орайда Бауыржан Ізбасаров улы газдан уланудың алдын алу үшін мына қағидаларды әрдайым сақтау керегін айтты. Оның сөзінше, бұл қарапайым қауіпсіздік ережелерін көбі біледі. Әйткенмен, соны қайта-қайта айтып отыру қажет.
«Ақауы жоқ, бұзылмаған құрал-жабдықтарды қолданыңыз. Пештегі жарықтар, түтін шығу жолдарының тазаланбауы және тағы басқа да ақаулардың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Пештерді де каминдерді де қолданғанда желдету жүйесінің жұмысын әрдайым тексеріп, түтін жүру жолдарын ұдайы әрі уақытылы тазалап отырыңыз. Пеш не каминді қалау ісін тек кәсіби мамандарға ғана тапсырыңыз. Сондай-ақ, автокөлік иелері гараж ішінде автокөлігінің қозғалтқыш бөлігін қосып қойып, отырмаңыз», - дейді Бауыржан Ізбасаров.
Шымкент қалалық ТЖ департаментінің берген мәліметінше, өткен жылдың 28 тамызындағы дерегіне сәйкес, Шымкентте 22 511 жеке үйге 96 мың тоннадан астам көмір қажет екені есепке алынған. Яғни, 22 мыңнан астам үй 2018-2019 жылғы жылыту маусымына көмір жағатыны мәлім болған. Көмір жағатын үйлердің басым бөлігі Қаратау ауданында орналасқан. Шымкенттің төртінші құрылған ауданында 12 616 үй көмір жақса, содан кейін Абай ауданында 7 412 үй, Еңбекші ауданында 1 632 үй, Әл-Фараби ауданында 851 үй көмір жағып, жылынады екен.
Түркістан облысында улы газдан улану көбейген
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бақытжан Запаровтың айтуынша, Түркістан облысында жылыту маусымы кезінде өрт және улы газдан улану фактілерінен тұрғын үй секторында адамдардың қаза болу немесе зардап шегу оқиғалары жиі тіркеліп жатыр.
«Аталған төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының негізі болатын үгіт-насихат жұмыстары салыстырмалы түрде жылдан-жылға көбейгенімен, адам өліміне алып келетін оқыс оқиғалардың саны тұрақты түрде өсіп отыр. Улы газбен уланудың саны алдыңғы жылу маусымымен салыстырғанда үшеуге, яғни 25%-ға өсті. Қайтыс болғандар саны да төрт адамға артты. Жалпы болып жатқан оқиғалардың саны өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көбейген», - дейді Бақытжан Запаров
Көмір жағатын отбасының қаперіне
Бақытжан Запаров пеш жағудан болатын түрлі жазатайым жағдайлардың алдын алуда мына қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.
«Пештің ақаулы жерлерін және жүйелерін жөндеп, үнемі бақылауда ұстап, сол үшін бірінші кезекте шатырдан өткен мұржа жүйесін мұқият зерделеп, саңылау бар тұстарын бітеп, мұржаны ақтау қажет. Мұржаның ішін ішкі жүйесін жиналған қоқыстардан тазалап тексергеннен кейін от жағар алдында пештің ішіне қағаз жағып, түтіндетіп мұржаның түтін тартысын тексереміз. Әрбір пештің есігінің алдында, ауданы 0,5х0,7 м шамасындағы қаңылтыр төселуі шарт. Пешті шамадан тыс қыздырмай, түнгі мезгілде жатар алдында отынды 2 сағат бұрын салып, оттың өшуін бақылаңыз. Жатар уақытта оттың жануын міндетті түрде қадағалау керек. Пешке от жағып, отын салғанда есік – терезелерді ашып, үйді таза ауамен желдетеді. Пеш мұржаларын жылыту маусымы кезінде кемінде екі рет: қазан, ақпан айында (қажет жағдайда ай сайын) күйеден тазартып тұрады. Мұржаның қалыңдығы 5 смден, ал шатырдан шығып тұратын ұзындығы 0,5 метрден кем болмайды», - дейді Бақытжан Запаров.