Шымкент. 1 сәуірден бастап кімдер атаулы әлеуметтік көмек алады?

Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 1 сәуірден бастап Шымкентте әлеуметтік көмектің жаңа форматына құжат қабылдау басталады. Дәл осы күні жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек те тағайындалады. Шымкент қаласының әкімдігі бастаған жұмыс тобы қаладағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың тізімін жасау, құжат ресімдеу, түсіндіру жұмыстарына кірісіп кетті. Бұл топты Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова басқарады. Ол таяуда «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа әлеуметтік шарасын Шымкент қаласында кеңінен насихаттау мақсатында брифинг өткізді.

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алатындар екі есе өседі

Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, былтыр Шымкентте 10774 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Енді биылдың 1 сәуіріне бастап олардың саны 20000-нан асады деп жоспарланып отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны өсуінің бірнеше себебі бар.

«Біріншіден, 1 сәуірге дейін атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі, яғни 29 698 теңгенің 50%-ына, демек 14 849 теңгеге жетпейтін отбасыларға тағайындалып келген.  Ал 1 сәуірден бастап жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, демек 20 789 теңгеге жетпейтін отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алады. Мұндағы 50%, 70% үлесі дегеніміз кедейлік шегі деп аталады. Екіншіден, 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін жалақысы, жеке шаруашылықтардан алынатын табысы, 4 және одан көп балалары бар көп балалы отбасыларға жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа » иелі көп балалы аналарға жәрдемақы, баланың мүгедектігі бойынша  жәрдемақысы, стипендия және тағы басқа табыстары кіріс көзіне есептеліп келді. Енді 1 сәуірден бастап көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа» және «Алтын алқа» марапатталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, стипендия кіріс көзіне кірмейді. Яғни, есепке алынбайды. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге көмек төленеді. Бұл дегеніміз күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды», - дейді Гүлжан Құрманбекова.  

Шымкенттің төрт ауданында төрт орталық ашылды 

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарды жұмыспен қамту орталығы қабыладйды. Бұған дейін Шымкентте Нұрсәт шағынауданында бір ғана Жұмыспен қамту орталығы болды. Барлық құжаттарды сонда қабылдады. Енді сондағы адам кезегін азайту және әр аудандағы тұрғындардың құжат тапсыру ісін оңайлату үшін Шымкенттің төрт ауданында төрт Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары ашылыпты.

Гүлжан Құрманбекова ол орталықтардың жұмысы және онда атаулы әлеуметтік көмек алуға қандай құжаттар қабылданатынын айтып берді.

«Шымкентте көп балалы аналар саны 30 мыңнан асады. Оларға көмек беру үшін, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, төрт аудан әкімдігінде орталықтар ашылды. Қаладағы 8 ХҚКО-ында Жұмыспен қамту орталықтарының бөлімдері ашылып жатыр. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы бөлімдерде, ең алдымен көп балалы аналарды цифрлық сауаттылығын ашуға үйретеді. Көп балалы аналар ұялы телефонынан өтініш беру, enbek.gov.kz сайтынан қажет мәліметтерді алуды меңгереді. Тұрғын үй алу бойынша кеңес алады», - дейді ол.

Төрт орталық Шымкенттің төрт ауданында мына мекенжайлар бойынша орналасқан.

Еңбекші ауданында – Қапал батыр көшесі, н/үй

Абай ауданында – Мәделі Қожа көшесі, н/үй (Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында)

Әл-Фараби ауданында – Ш. Қалдаяқов көшесі, 13А үй

Қаратау ауданында – Бәйдібек би даңғылы, н/үй

8 мың отбасының әлеуметтік картасы жасалған 

Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тапсыратын құжаттар тізімін оңтайландыру жұмыстары басталыпты. Бұл үшін «Е-халық»  ақпараттық  жүйесі арқылы Әлеуметтік  көмекті  тағайындауды  оңтайландыру жүзеге асады. Бұл үшін әр отбасының әлеуметтік картасы жасалады. Ол картаны Шымкенттегі әр аудан әкімдіктерінің қызметкерлері жасайды. Ортақ базаға әр отбасының әлеуметтік картасы енгізіледі. Кейін база толық дайын болғанынан кейін көп құжат емес, жалғыз құжат, яғни жеке куәлігін сұрайды. Өйткені, бәрі де әлеуметтік картада тұрады.


Қазіргі таңда осы «Е-халық»  ақпараттық  жүйесіне 8 мыңнан астам отбасының әлеуметтік картасы енгізіліпті. Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, бұл жұмыстар тоқтаусыз жалғасады екен.

Шамамен, 1 шілдеден бастап әлеуметтік карта бойынша ресімдеу жүргізіледі. Оған дейін мына құжаттарды сұратады.


30 сәуірде құжат тапсырғандар да 1 сәуірге ақша алады 

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Мамытқызының сөзінше, бұған дейін шартты атаулы әлеуметтік көмек әр үш айға, шартсыз атаулы әлеуметтік көмек әр алты айға тағайындалып келген. Енді сол ай мөлшері де сәйкесінше алты ай және бір айға ұзартылыпты. Қазір база жаңартылып жатыр екен.

«Көп балалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсыратын отбасыларға айтарым, еш абыржымаңыздар. 1-30 сәуір аралығында әлеуметтік көмек алу бойынша құжат қабылдау жүреді. 30 сәуірде құжат тапсырғандарға да атаулы әлеуметтік көмек 1 сәуірден тағайындалады», - дейді Гүлжан Құрманбекова.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арнайы жиынтық төлем жасайды 

Осы орайда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табысы бейресми, яғни нақты көрсетілмейтін, тұрақты жұмысы жоқ, әртүрлі жұмыстар істейтін немесе жұмыс орнынан анықтама сұрата алмайтын азаматтар, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қайтеді, деген сауал туындайды.

«Қаламызда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Олардың арнайы құжаттандыру үшін бірыңғай жиынтық төлем түрі шығарылған. Ол дегеніміз – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ай сайын 2525 теңге төлеуі керек. Сонда оның айлық табысы 42500 теңге болып есептеледі. Сол 2525 теңгені төлесе, ол кісі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат болып есептеледі. Жұмыс орнынан анықтама сұралмайды. Ай сайын 2525 теңге төлеген түбіртегін көрсетсе, соған сәйкес құжатын қабылдайды», - деді Г. Құрманбекова.

Сондай-ақ, ата-енесімен тұратын отбасылардағы ата-енесінің зейнетақысы кіріс көзіне кіреді. Ал егер ата-енесінен бөлек тұрса, онда ата-енесінің зейнетақысы сол отбасының кіріс көзіне кірмейді. Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек бала санына байланысты тағайындалмайды. Бір баласы, екі баласы болса да ай сайын үйіне кіретін табысы жан басына шаққанда 20789 теңгеден аспаса, онда атаулы әлеуметтік көмет алады.

3500 көп балалы отбасы баспана кезегінде тұр 


Биыл Шымкентте тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 4 524 пәтерлі 81 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 14-і арендалық тұрғын үйлер екен. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевтың айтуынша, аталған үйлерден әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы азаматтарға және жас отбасыларға пәтер беру қарастырылыпты.

«Бүгінде Шымкенттегі арендалық пәтер кезегіне саны 37 276-ға жетті. Оның ішінде 14 501 азамат әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жатады. Оның 3585-і көп балалы отбасылар. Дәл қазір 540 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй берілуге дайын», - деді Ғалымжан Балтаев.

Көпбалалы отбасылардың негізгі мұқтажы – баспана

Жоғарыда айтқанымыздай, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қаладағы көпбалалы аналардың мұң-мұқтажымен етене таныс. Өйткені, ол кісі осы көпбалалы аналарды жеке қабылдап, олармен кездесу өткізіп келеді. Бұл туралы BAQ.KZ ақпарат агенттігінде бұған дейін ақпарат жарияланды.

Сондықтан да қала әкімі орынбасары Гүлжан Құрманбековадан көпбалалы аналарды ең алдымен не мазалайтынын сұрадық.

«Көпбалалы аналардың ең алдымен бірінші кезекте тұрғын үй мәселесі мазалайды. Бәрі дерлік баспанасы жоқтығын, жалдамалы үйде тұрып келе жатқандарын, табыстарының бәрі соның ақысын төлеуден артылмайтынын, өз үйі болса, әрмен қарай жағдайларын түзеп алатындарын айтады. Екіншіден, көбі алаяқтардың алдап-арбауына түсіп қалады.Алаяқтардың «мынадай ақша берсең, баспана алып береміз, осындай ақша алып береміз» деген сөздеріне сеніп, жемтігіне айналады. Солардың алдап-арбауына түсіп қалмағандарын қалаймын. Жұмыспен қамту орталықтарына келіп, осындағы мамандардан ақыл-кеңес, бағыт-бағдар сұрағандары дұрыс»,-дейді Гүлжан Құрманбекова.

Өзі де аптаның әр сәрсенбісінде Нұрсәт шағынауданындағы Жұмыспен қамту орталығында азаматтарды жеке қабылдап, кездесу өткізеді. Әрбір тұрғын жеке қабылдауына келіп, арыз-шағымын айтуына болады.  

«MEYIRIM.KZ» қайырымдылық порталы іске қосылады

Шымкентте бүгінгі таңда пилоттық режимде «MEYIRIM.KZ» қайырымдылық электронды порталы жұмысын бастады. Порталдың негізгі мақсаты - жеке және заңды тұлғалардың қайрылымдылық іс-шараларын реттей отырып, электронды портал арқылы аз қамтылған отбасыларға ашық және бірыңғай әлеуметтік көмектер ұйымдастыру.

MEYIRIM.KZ – қайырымдылықтың автоматтандырылған есеп жүйесі. Электрондық қайырымдылық порталға аз қамтылған отбасы түрінде және басқа санаттардағы қайырымдылыққа мұқтаж азаматтар тарапынан өтінімдер қабылданып, тегін заттар базасы жинақталады. Сонымен қатар әрбір ниет білдіруші қажетті көмек көрсете алады және көрсетілген көмектің статистикасын қадағалай алады.

Жоба басталғалы 120 отбасыға азық-түлік, тұрмыстық қажеттілік заттарымен көмек көрсетілді. Бұдан бөлек жалғыз басты 6 баланың анасына демеушілер есебінен тұрғын үй берілді.

Аталған әлеуметтік портал сәуір айынан бастап іске қосылады. Жыл соңына дейін жағдайы өте төмен 1289 отбасыға көмек көрсетіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы