Shymcity шағынауданында 48 гектар саябақ болады
Шымкент қаласы, BAQ.KZ тілшісі. Респуликалық маңызы бар қала мәртебесіне Шымкент қаласының қолданыстағы бас жоспары 2011 жылы жасалған. ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 3 қыркүйектегі № 1134 қаулысы бойынша бекітілді. Сол кезде қала аумағына көршіліс аудандардың ауылдары әлі қосылмаған еді. Қала аумағы шағын болатын. 40 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайды. 40 шақты елдімекен қосылды. Кейін қала аумағы ұлғайды. Республикалық маңызы бар қала атанды. Мінеки, осы бас жоспарды өзгертіп, жетілдіре басталды. Осы орайда бас жоспар туралы не білуіміз керек? Мұны Шымкент қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ержан Нұразхановтан сұрадық.
– Шымкент қаласы бас жоспарының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Сол кезде қандай ұсыныстар келіп түсті?
– 21 маусымда Қазақстан Халқы Ассамблеясының ғимаратында бас жоспарды қоғам талқысына салу үшін көрме аштық. Халықтың келуі өте жақсы. Арасында партия мүшелері, қоғам қайраткерлері және ардагерлеріміз де келді. Жастар да көп болды. Басында келушілер аз болса да кейін көбейді. Бір күнде 100-ге жуық адам келіп, түрлі маман иелері ұсыныс-тілегін қалдырып жатты. Бас жоспар дегеніміз – болашақта халыққа ыңғайлы орта қалыптастыру үшін қоғам талқысына түскені маңызды деп білем. Өйткені бұл қала дамуының болашағына әсер ететін жоба десек болады. Енді адамдардан әртүрлі ұсыныс түсіп жатыр. Адамдардан көп келетін ұсыныс: бұл – өзінің тұрғылықты жеріне байланысты болды. Мұның бәрін бас жоспарды жасақтаушы фирма назарға алып жатыр. Келіп, қоғамдық талқылауға араласып жатқан адамдарға алғыс білдіргім келеді.
– Қоғамдық талқылау аяқталды. Енді бас жоспарды қабылдау, бекіту қалай жүзеге асады?
– Қаланың бас жоспары халықтың тілек-талабы ескеріле отырып, ары қарай дамиды. Қазіргі бас жоспар 2012 жылы жасақталып 2015-2018 жыл аралығында жетілдірілген. Ал қазіргі бас жоспар заман талабына сай жасалып отыр. Қаламызда адам саны 1 миллионнан асты. Сондықтан жаңа бас жоспардың бірінші кезеңі 2027-ден 2035 жылға дейін жасақталып отыр. Болашағы 2050 жылға дейін деп отырмыз. Дұрыс әрі кәсіби жасақталған бас жоспар ары қарай жүздеген жылға жалғасып кету керек. Бұрынғы бас жоспар мен жаңаратын бас жоспарды екеуінің арасында үлкен өзгеріс бар. Сол жерде қаланың картасы, жол құрылымына қатысты өзгерістер көрінеді. Енді бұрынғының бәрін жоққа шығара алмаймыз. Соны сақтай отырып, жаңаша бас жоспар жасақталып жатыр деп айта аламын.
– Қазіргі қолданыстағы бас жоспармен салыстырғанда қандай елеулі өзгерістер бар? Атап өтсеңіз...
– Бұл жерде бірінші жол-көлік схемасы өзгерді. Ол үш айналымнан тұрады. Сосын солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай кесіп өтетін жолдар, көп қабатты тұрғын үй аумағы болады. Жасыл желек аумағы 5 есе артады. Бұл үшін шатқалдарды көбейтеміз. Әр ауданның өзінің орталығы болады.Айта кететін бір жағдай – қаламыздағы ғимараттардың сәулет-тарихи келбетін сақтауға үлкен мән беріледі. Археологиялық мәні бар объектінің бәрі сақталады. Біздің қаламыз туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Өйткені киелі жерлер, ескі қаламыз бар. Бас жоспарда соның бәрі ескерілген. Сосын қаламыздағы аз қабатты үйлер саны азаяды. Болашақта азая береді. Мысалы қазір жеке үйлер 70%, көпқабатты үйлер 30% болса, жылдар өте 30 да 70 болып алмасуы мүмкін. Соған ұмтылу керек. Өйткені 117 мыңға жуық гектар жерді үлкен екен деп бәріне үй сала берсек, бұл экономикаға зиян болады. Экономика дамымай қалуы мүмкін. Бізде өнеркәсіп аймақтар қаламыздың шығыс батысында орналасқан. Жел сол жақтан соғады. Бізде желдің бағыты – шығыс-батыста. Жел өнеркәсіптік аумақтың бұзылған ауасын қалаға алып келеді. Бұл қала тұрғындарының денсаулығына зиян. Сондықтан біздегі өнеркәсіп аумақтар батысқа қарай көшіріледі де солтүстікте жеңіл өнеркәсіп аумағы болады. Яғни тоқыма, тамақ, IT технология, нанотехнология сонда қала береді. Осылайша біз бірте-бірте қала экологиясын тазалаймыз. Себебі қазіргі заманда экология деген өзекті мәселе болып тұр.
– Қазір қалада құрылыс қарқынды жүріп жатқан Тұран және Шымсити шағынаудандарын алайық. Осы екі шағынаудан алдағы уақытта халық тығыз қоныстанатын жерге айналады. Сол жерде қазір саябақ, аллея, жалпы жасыл-желек орындары жоспарланған ба? Мысалы, жаңа Бас жоспар бойынша Тұран мен Шымситиге қанша саябақ түседі?
– Қаламызда жасыл желек 5 есеге дейін көбейеді. Бас жоспардан кейінгі кезең егжей-тегжейлі жоспар бойынша Шымситиде 48 гектар саябақ бар. Саябақтың ортасында салынып жатқан Конгресс хол болады, опера театры салынады. Сондай адамдарды тартатын орынға айналады. Саябақтағы ирригациялық жүйе жақсы қарастырылған. Шымситидегі саябақ тарихта орын алады. Дендросаябаққа дейін созылады. Мұндағы мақсатымыз – қалада бір саябақтан екінші саябаққа дейін жаяу баруға болатындай мүмкіндік жасау. Сол сияқты Тұран шағынауданының да өз саябағы болады. Саябақ құрылысының бірінші кезеңі биыл басталады.
– Жаңа бас жоспар бойынша Тұран, Нұртас шағынаудандарында жеке үйлер салынған жер мемлекет мұқтажына алынып, үйлері сүріледі деген ақпар шықты. Тұрғындар қарсы болып, әкімдікке дейін барды. Жаңа бас жоспарда осы проблеманы шешу қаралған ба?
– Мен мынаны айтайын, бізде жер сұраған тізімдегі адам саны 280 мыңнан асты. Былтыр бұл 126 мың болатын. 280 мың адамға жер беру үшін 70 мың гектар жер керек. Қала аумағы 117 мың болса, тағы соның жартысынан көп жер керек. Сөйтсек біз қала болмаймыз ғой. Қоғамдық орындар, көп қабатты ғимараттар қаланың болашақта дамуына керек. Мысалы 10 сотық жерде 50 адам тұрған ыңғайлы ма жоқ, 5 адам тұрған ыңғайлы ма? Осыны ойлану керек. Иә, адамдар жиналды, әкімге барды. Біреудің жерін бірден барып сүріп тастамаймыз. Бұл үшін алдымен келісім жүргізіледі. Содан кейін сатып алу процесі болады. Бұған арнайы заң бекітілген. Бәрі заң бойынша болады. «Жерді сүріп тастау керек екен» деп ойлап алудың керегі жоқ. Бәрін келісіммен жүзеге асады.
– Жалпы жаңа бас жоспар бойынша Шымкентте қанша жер, қанша жылжымайтын мүлік орналасқан жер телімі мемлекет мұқтажына алынады? Қай шағынаудандарда орналасқан?
– Бас жоспар бойынша «мемлекет мұқтажына осынша жер алынады» деген нәрсе жоқ. Мысалы, мемлекет мұқтажына керек балабақша болса, білім басқармасы бізге ұсыныспен шығады. Сосын біз оны қарастырып, жерге отырғызу жобасын жасақтаймыз. Сосын әкімнің бұйрығы шықса ғана алынады. Ал бас жоспар үшін мынанша гектар жер алынады деген мақсат жоқ.
– Жаңа бас жоспар бойынша қала ішіндегі Қошқарата өзені, Қарасу арнасын абаттандыру, реттеу бойынша қандай жоспар бар?
– Бас жоспарда маңызды өзендерді абаттандыру бойынша қарастырылған. Қаланың қалыптасуына Қошқарата өзені себепші болған. Сондықтан олардың жағасын абаттандыру міндетті түрде қарастырылған.