13 Қазан 2026, 14:47 Фото: видеодан алынған кадр

Шымбұлақта жаңа телефонын ашпақ болған қызға күтпеген айып тағылды

Алматылық бухгалтер Гаухар Төлеубекқызы жаңа телефонын Шымбұлақта ашып көрсетемін деп басы дауға қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алматылық қыз Шымбұлақтың аспалы жолында ұялы телефонын қорабынан алып жатқан тұста телефоны төмен қарай түсіп кеткен. Оның видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. 

Бірі алматылық қыз әдейі істеді деп ойласа, енді бірі ол телефон емес, муляж болуы мүмкін екенін айтқан. 

Алайда артынша тағы бір күтпеген оқиға болған. Гаухар видеоны әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін әлдекім оның үстінен e-otinish арқылы шағымданған. Арыз жазған адам алматылық қыз қоршаған ортаны ластады деп шағымданған. 

Маған жаңа iPhone 18 телефонымды түсіріп алған видеом бойынша арыз түсті. Өзім негізі бухгалтермін. Есеп тапсырудың орнына қазір e-Otinish арқылы түсініктеме жазып отырмын. Видеом мұншалықты көп қаралым жинайды деп мүлде ойламадым. Бір жағынан, елімізде табиғатымызға бейжай қарамайтын, оның тағдырына алаңдайтын адамдардың бар екеніне қуаныштымын, - дейді алматылық қыз.