15 Ақпан 2026, 21:22
Фото: canva
Шымбұлақ маңында қар көшкіні астында қалған адам құтқарылды
Ski Patrol Shymbulak құтқарушылары қар көшкіні астында қалған фрирайдерді құтқарды.
Алматы тауларында сырғанаған 2 фрирайдер қар көшкініне тап келді, олардың бірі қалың қар астында қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Шымбұлақ" мәліметінше, кеше курорт аумағынан тыс "Чимбулачка" өзені маңында, екі фрирайдер сырғанауға шыққан. Олардың әрекетінен қар көшкініні болып, райдерлердің бірі қалың қар астында қалған.
Екінші райдер абдырап қалмай, бірден курорттың аспалы жол операторына хабар берген. Ақпарат дереу курорттың Жедел әрекет ету орталығына жеткізілді. Ski Patrol Shymbulak құтқарушылары оқиға орнына шұғыл аттанды. Бақытымызға орай, адам өмірін сақтап қалу мүмкін болды, – деп хабарлады курорттан.
Құтқарушылар мен курорт әкімшілігі фрирайд – тек еркіндік пен адреналин емес, үлкен жауапкершілік екенін ескертеді. Арнайы жолдардан тыс аймаққа шықпас бұрын ескерту белгілерін мұқият қарап, қар көшкіні қаупін бағалау қажет.