Шылаушын өсіретін шаруа

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Құрт өсіріп, сатады. "Пәленшенің кәсібі не осы, немен айналысады" деп сұрағанда осы жауапты естіген адам алдымен тосырқап, таңырқап, сосын қызығып, әрмен қарай қазбалап сұрастыра жөнеледі екен. 

"О заман да, бұ заман, құрт өсіріп сатқаны нес" деп ернін сылп еткізіп, түсінбей өте шығатындары да бар. Кім не десе де, шымкенттік Ілияс Ғалымбетұлының кәсібі – қызық, білетінге – табысты, білмейтінге – таңсық кәсіп. 

Ілияс Ғалымбетұлы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын "Жас кәсіпкер" жобасына қатысып, 505 мың теңге қайтарымсыз грант алып, ісін өркендеткен азамат. Аталған жобаны "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырды, мемлекет қаржыландырды. Әңгіменің басы осы, қалғаны – Ілияс өсіретін құрттың жайы, дәлірегі калифорниялық қызыл құрттың қызығы турасында болмақ. 

"Калифорниялық қызыл құртты 6 ай зерттедім"

Мен өсіріп жатқан құрттардың аты "калифорниялық қызыл құрт" деп аталады. Мұны өсірер алдын көптеген кәсіп түрін зерттедім. Мал шаруашылығынан бастап саңырауқұлақ өсіруге дейін таңдап, талғап, қарадым. Ойлана келе, шығыны аз, кірісі мол кәсіп түрін іздедім. Білетін, естіген, көрген бар мәліметті сұрыптап, ақырында осы калифорниялық қызыл құрт өсіру кәсібіне тоқтадым. Түбегейлі шешім қабылдамас бұрын, калифорниялық қызыл құрттың құпиясын 6 ай зерттедім, кәсіптің тереңіне бойладым,-деп бастады әңгімесін Ілияс.

 Ілиястың мамандығы да таңдаған кәсібімен үндес екен. Өзі эколог әрі биолог. Міне, сондықтан да шығыны аз, кірісі мол кәсіп түрінен бөлек қоршаған ортаға зияны жоқ, пайдасы бар, топыраққа да, өсімдікке де залалы келмейтін кәсіпті іздеген екен. Тоқтағаны – сол жоғарыда айтқан калифорниялық қызыл құрт өсіру болған.

Бұл құрттардың жейтін тағамы – органикалық қалдықтар. Ағаштан түскен жапырақ, төрт түлік малдың қиымен көректенеді. Бұл қалдықтар сатылмайды, тегін. Кез келген жерден табуымызға болады. Қызыл құрттар осы қалдықтарды жеп, ішінен өңдеп, бізге биологиялық тыңайтқыш жасап береді. Биологиялық тыңайтқыш дегеніміз - өсімдіктердің өсуіне өте қажет зат. Мұны топыраққа сеуіп, шашатын болсақ, егістіктің өсуін 2-3 есе күшейтеді. Егін шаруашылығымен айналысатын адамдар қызыл қүрт өндіріп шығарған тыңайтқыштарды сатып алады. Егістігі мол түсім бермей жүрген дихандар биотыңайтқышты топырағына сеуіп, мол өнім алып жатады. Жер тұзданып, құрғаса, осы тыңайтқышты себеді. Жер тыңайып, топырақ құнарланып, өнім молаяды. 100 пайыз көмектеседі. Міне, көрдіңіз бе, калифорниялық қызыл құрттың кереметі қайда жатыр, - дейді Ілияс.

 "505 мың теңгеге жылыжай салдым"

 "Калифорниялық қызыл құрттар" деген атауының да өзіндік себебі бар екен. Бұл кәдімгі жауын құрт, яғни шұбалшаңмен будандастырылып, шыққан түр. Шығу тегі – Калифорния болғандықтан да, калифорниялық қызыл құрт атанған. Бір қызығы – гермофродит тіршілік иесі, яғни аталық не аналық болып бөлінбейді екен. Өз-өзімен көбейе береді. Тез көбеюге бейім.

 Бұл қызыл құрттардың ең алғашқы данасын осы Шымкенттен сатып алдым. Әуелде 350 дана қызыл құртты алдыртып, соны өсірумен кәсібімді бастап кеттім. Құрт саны молая бастағанда, кәсіпті өркендету үшін қаражат керек болды. Тап сол кезде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының жас кәсіпкерлерді қолдау жобасы туралы естідім. Осылайша, "Жас кәсіпкер" жобасына қатысып, осы калифорниялық қызыл құрт өсіру кәсібімді таныстырдым. Қайтарымсыз 505 мың теңгелік грантын жеңіп алдым. Менің жобам комиссияға ұнаса керек. Сол 505 мың теңгеге жылыжай жабдықтарын сатып алып, жылыжай құрылысын жүргіздім. 505 мың теңгені маған еш сұраусыз бере салмайды. Бұл – мемлекеттің жастарды қолдау жобасы. Судың да сұрауы бар. Ал мен 505 мың теңге грантты қызыл құрт өсіретін жылыжай жасауға жұмсадым,-дейді Ілияс.

   "Қызыл құрттан не иіс, не дыбыс шықпайды"

Қазір Ілиястың жылыжайындағы калифорниялық қызыл құрттар саны 190-200 мың данадан асып жығылады.

Қызыл құрттардың ұзындығы 8-9см болса, жуандығы 7-8 мм болады. Тағы бір айтарым бұл құрттың адамға зарары жоқ. Шақпайды. Бұл құрттан ешқандай жағымсыз иіс шықпайды. Бар-жоғы белгісіз жәндіктер. Олардың өсіп жатқандығын білмейтіндер де көп. Тіпті менің үйімдегі адамдардың өзі біле бермейді. Өзім айтпасам, білмей-ақ кетеді. Өйткені, не иісі, дыбысы болмайды. Кейбір адамдардың жыбырлаған жәндікке денесі түршігуі мүмкін. Ал менің денем де түршікпейді. Сондықтан да оларды еркін ұстап, орындарын ауыстырып тұрамын. Қыс бойына жылыжайда өсіріп, күтім жасап, өсірдім. Қазір сыртқа шығардым. Өйткені бұл құрттарға ылғал ауа өте қажет. Құрттарға да күтім керек. Су құйған кезде краннан алған суды бірден құя салуға болмайды. Себебі хлорлы болуы мүмкін. Ал хлор зиян. Сондықтан оларға арналған суды 1 немесе 2 күн тұндырып барып құйған дұрыс. Қазір күн жылынғалы сыртқа шығарып қойдым. Өйткені жаңбыр суының да пайдасы зор. Олар өзімен-өзі сусындап жатады. Құрттарды сыртқа шығарғанда теплицаға 28 мың дана дарбыздың тұқымын егіп қойғанмын. Алдағы уақытта 3 гектар жерге қарбыз егеміз, деген жоспарым бар.Сол қарбыздың топырағына осы қызыл құрттардан алған тыңайтқышты пайдаланамын. Сонда мол өнім болуы керек,-дейді Ілияс.

 "Күн ыстықта кеуіп қалуы мүмкін"

Әйткенмен, құрт өсірудің де қиындығы жетіп артылады. Құртты қырып алу қаупі бар. Бәрі де ерекше күтім мен қамқорлық танытуға байланысты.

 Жаз айларында ыстық ауа, құрғақшылық айтарлықтай қауіп төндіреді. Өйткені ыстық ауада олар кеуіп кетуі мүмкін. Құрттар ылғалды топырақта жақсы өмір сүреді. Көбейеді. Топырақтың ылғалдылығы оны қолға ұстап қысқан кезде су тамшылап тұратындай болсағ ылғалдылығы қалыпты деңгейде деп айтуға болады. Қатты ыстықта құрттардың кейбірі құрғап кетсе кейбірі жердің астына қарай кіріп кетеді. Бірақ оларды қайта шығарып алуға болады. Топыраққа су құйып ылғал деңгейін жақсартқан кезде олар қайта бетіне шығып келеді. Осылайша олар төмен түсіп және жоғары көтеріліп отырады. Мысалы көктем айларында күректі жерге қадасаңыз, шұбалшаңдарды шығарып алуға болады. Өйткені жердің бетінде ылғал болып тұрады. Ал жаз айларында жер қатты болғандықтан шұбалшаңдарды бір күрек бойынан таба алмайсыз. Оларды шығару үшін кемі бір жарым метр тереңдікте қазу керек. Жердің беті қатқан кезде олар ылғалды жағына дейін тереңдікке кетіп қалады,-дейді кәсіпкер.

 "10 мың данасын алса, 4 теңгеден беремін" 

Айтуынша, Оңтүстіктің ауа райы құрт шаруашылығына өте тиімді.

Мен Ақтөбеде болдым. Ол жақта ауа райы салқын. Құрттар 20-25 градус жылы жерде өте тез көбейеді және тыңайтқышты көп өндіреді. Күн салқындаған сайын олардың қимылы төмендейді. Ал қимылы төмендесе тыңайтқышты аз өндіреді. Мен тек тыңайтқыштарын ғана емес құрттардың өзін де сатамын. Құрттарды көбінесе балықшылар сатып алады. Әлеуметтік желідегі парақшаларым арқылы тыңайтқыш және құрттарды сататынымды көрсетіп қойғанмын. Сол арқылы адамдар байланысқа шығады. Дәл қазір 40-45 мың теңге ай сайын таза табыс түседі. Құрттардың саны көбейген сайын табыс та молаяды. Біріншіден олар тыңайтқышты да мол өндірсе, өзін сатсаң да таусылып қалады деген қорқыныш болмайды. Олардың саны көп болған жағдайда жеке фирмалармен де келісімге отыруға болады. Қазір бір дана құрттың бағасы 5 теңге. Егер 10 мың данадан көп алса, бір данасын 4 теңгеге түсіріп беруге болады,-деді Ілияс Ғалымбетұлы.

"6 айда 500 тонна тыңайтқыш өндіретін кәсіпкер бар"

 Қазір құрт өсіруге қызығатын адамдар бар. Олар Ілиясқа хабарласып, өсіргісі келетінін айтып, неден бастау керегін сұрайды екен.

Келіп құрттарымның өмір сүріп жатқан жерін көріп, кәсіппен танысып кетіп жатады. Мен оларға бар білгенімді үйретемін. Тіпті қызығушылығы артқан адамдар 1000-2000 данасын арнайы сатып алып кетеді. Қаламызда осы құрт өсіру кәсібімен айналысып, санын 40 миллионға жеткізген кәсіпкерді білемін. Жүзбе-жүз кездеспесем де әлеуметтік желі, телефон арқылы хабарласып тұрамын. О кісіден кісіден 6 айда 500 тоннаға дейін тыңайтқыш өндіріп жатқанын естідім. Бұл - өте жақсы жетістік. Сондай дәрежеге жету үшін барымды салып келемін,-дейді кәсіпкер. 

"Бар кәсіптің қиындығы бар, шыдаған мақсатына жетеді"

Оның сөзінше, адам кәсіп бастамас бұрын сол кәсіптің қиыншылығын да ойлау керек. Өйткені оңай жерде ақша жоқ. Әрбір кәсіптің қиыншылығы бар. Соған төтеп беру керек.

Кездескен қиыншылықтарда тастап кетуге асықпау қажет. Мақсаты жүйелі болса, қиындықтарға мойымаса үлкен кәсіпкер болуға кез келген адамның мүмкіншілігі бар. Ешнәрсе бірден жақсы болып кетпейді. Бірден қыруар қаржы табыс таппайсың, төзімді қажет ететін тұстары болады. Соның бәрін ескеру керек. Алға қойған мақсатына жетемін деген ықыласы болса, кәсіпкер бола алады. Менің де басымнан қиындықтар өтті. Алғашында құрттарға қалдықтарды тастайтын кезде төрт түлік малдың жаңа тезегін тастап қойдым. Сөйтсем қалдықтарды неғұрлым шірітіп барып тастау керек екен. Соны мен білмедім. Жапырақтардың да шірігенімен жақсы қоректенеді және пайдалы болады. Сол кезде жаңа тезекті жеген біраз құрт өліп қалды. Өйткені қызуы жоғарылап кетеді екен. Бұл енді бастаған кезде білместіктен болды. Кейін кәсібіңмен айналыса келе қыр-сырын да қателікті жасай отырып үйренесің. Не дегенмен тәжірибе керек болады екен. Осылайша шығынға ұшыраған кездерім өтті. Бірақ уақыт өте келе орнын толтырып алдым. Жақын жандардың қолдауы, олардың үнемі сенің қолыңнан келеді деп жігерлендіріп отыруы өте қажет екенін де айта кетейін, - деп әңгімесін аяқтады Ілияс кәсіпкер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы