Шығыстың коммуналдық кәсіпорындары білікті мамандарға зәру

Шығыс Қазақстандағы коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындарда кадр тапшылығы байқалады. Салдарынан жылыту маусымына дайындық ойдағыдай болмауы мүмкін, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Мәліктің айтуынша, жалақы төмен болғандықтан, мамандар жұмыстан лек-легімен кетіп жатыр.

Коммуналдық кәсіпорындарда жалақының төмен болуына байланысты кадр тапшылығы туындап отыр. Сала көптеген білікті маманнан айырылуда. Салдарынан жылыту маусымына дайындық процесі бұзылуы мүмкін, – дейді Арман Мәлік.

Өткен жылы коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар 2 мыңға жуық қызметкерінен көз жазған. Олардың 90 пайызы өз еркімен жұмыстан шыққан. Бір сөзбен айтқанда, коммуналдық қызметкерлердің 25 пайызы саладан алыстаған.

Осыған байланысты Шығыс Қазақстанда «Инвестиция орнына тариф» қағидаты бойынша тарифтік саясатты реформалау басталды.

Мәліктің айтуынша, облыста тарифтерді өзгерту және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту үшін құқықтық негіздер қалыптасқан. Бұл жөндеу жұмыстарына инвестиция тартуға және иесіз желілер мен жабдықтарды күтіп ұстау шығындары үшін өтемақы алуға мүмкіндік бермек. Бұған қоса сала мамандарының жалақысын өсіруге де жол ашылады. Мәселен, электрмен қамту секторындағы қызметкерлердің жалақысы 76 пайызға өсуге тиіс.

Бүгінге дейін өңірдің 13 табиғи монополия субъектісі жалақыны көтерді. Нәтижесінде электр энергиясын беру секторындағы 350-ден астам қызметкер жалақысының мөлшері 140 мыңнан 247 мың теңгеге артты. Өсім – 76 пайыз. Сондай-ақ Зайсан ауданындағы газбен жабдықтау саласында еңбек ететін 8 қызметкердің жалақысы 175 мыңнан 260 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мұндағы өсім – 50 пайыз, – дейді табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы.

Сондай-ақ жылу беру секторындағы кәсіпорындарда да оң өзгеріс бар. Қазір мұндағы бір жарым мыңнан астам қызметкер бұрынғы 167 мыңның орнына 227 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал сумен жабдықтау секторындағы 670-тен астам қызметкердің жалақысы 112 мыңнан 146 мың теңгеге дейін көтерілген.

Су бұру саласындағы жұмыскерлердің жалақысы 118 мың теңге болған, қазір 145 мың теңгеге жетті. Мұндай сомадағы еңбекақыны 667 қызметкер алады, – деп толықтырды ведомство басшысы.

Әлбетте, еңбекақыны қомақты мөлшерде көтеру кадрлардың кетуін біршама тоқтатары анық. Десек те, жас мамандардың салаға келуі үшін жалақыны әлі де арттыра түсу қажет. Себебі, елдегі инфляциялық үдерістердің тежелер түрі жоқ, тауарлар мен қызметтер ай санап қымбаттауда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы