Шығыстың белсенді қыз-келіншектері конституциялық реформаларға қолдау білдірді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Референдумды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың мүшелері – Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен мен Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Салтанат Тұрсынбекова Конституцияға енетін түзетулерді түсіндіру бойынша Шығыс Қазақстан облысында іссапармен жүр.

Олар Өскемендегі Ана мен бала және Отбасын қолдау орталықтарында болып, қызметкерлеріне елдің саяси жүйесін қайта форматтауға, билік тармақтары арасында тиімді өзара іс-қимыл құруға бағытталған Ата заңға өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді.

Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде облыстың әйелдер қауымымен кездесті. Іс-шараға көпбалалы аналар, халықтың әлеуметтік осал топтары, кәсіпкер әйелдер, өңірдің ғылыми-шығармашыл зиялы қауымы қатысып, конституциялық реформаның әр азамат үшін маңызын талқылады.

Кездесуде Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Элеонора Столярова, Семей қаласы М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева, С. Аманжолов атындағы ШҚУ құқықтану кафедрасының профессоры Гүлмира Байыркенова, «Астана» телеарнасының ШҚО-дағы меншікті тілшісі Ирина Якунина сөз сөйледі.

Бүгін осы залда өңіріміздің ең белсенді қыз-келіншектері бас қосып отыр. Әйел-ана – өмірдің өзегі, тіршілік тамыры. Ел мерейінің үстем болуында нәзік жандылардың да еселі еңбегі жатыр. Осы жолы да олар Президенттің референдум өткiзу туралы бастамасын қолдап, маңызды оқиғаға сүбелі үлес қосып келеді, – деді Гүлмира Төлеубекқызы. 

Шығыс өңірінің әйелдер қауымы үнемі алдыңғы қатардан көрініп, елімізді дамытудың жаңа кезеңінің міндеттерін іске асыруға әрдайым әзір екендіктерін жеткізді.

Конституциялық реформа ашық әрі әділ қоғамның негізін қалап, экономикалық-әлеуметтік қиындықтарды еңсеруге көмектеседі, нағыз халық билігін орнатуға негіз болады. Референдум – жаңа Қазақстан құруда жасалған маңызды қадам. Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тартып отырмыз. Парламент өкілеттігі күшейтіледі. Адам құқығын қорғау мәселесіне жіті көңіл бөлінбек. Атап өтерлігі, қазір әлеуметтік желілерде «Референдумға қатыспаңыздар» деген үндеулер айтылып, «Конституцияға мынадай өзгерістер енгізіледі...» деп басталатын жалған мәліметтер таратылып жатыр. Сайлаушыларымызға мұндай ақпараттарға сенбеуге, ел болашағы үшін, балаларымыздың келешегі үшін саналы түрде дауыс беруге шақырамын, – деді Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен. 

Жиынға қатысқан өңірдің белсенді қыз-келіншектері өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтеріп, Сенатқа және Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға ұсыныс-тілектерін жеткізді. Олардың бәрі қоғамда орын алып жатқан өзгерістерді оң бағалап, конституциялық реформалардан үлкен үміт күтіп отырғандарын алға тартты.

Референдум еліміздің жаңа тарихындағы ең бір маңызды саяси оқиғалардың бірі, егер Ата заңға түзетулер енгізілсе, үлкен өзгерістер күтіп тұр. Халықтың мүддесі, әрбір азаматтың пікірі ескерілетін қоғам құрыларына сенімдімін, – деп атап өтті Элеонора Столярова. 

Жиын соңында өңірдің аса белсенді әйелдер қауымы өңір жұртшылығын алдағы маңызды саяси науқанға бірадамдай жұмыла қатысуға үндеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы