Шығыстарды тиімді жұмсау мәселесіне назар аударуымыз қажет – Әшімбаев
Бүгін Сенат отырысында Бюджет кодексін бірінші оқылымда қарап жатыр. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жаңа кодексте көрсетілген бюджеттік нормаларға қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, АҚШ-тың жаңа саясатын мысалға келтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әшімбаев Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер деңгейі мен мемлекеттік шығыстардың қарқыны туралы қолданыстағы ережелерді сақтау қажеттілігіне назар аударды.
Қазір көбіміз Америкада не болып жатқанын, жаңа әкімшілік қандай шаралар қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Олар Илон Маск басқаратын жаңа министрлік құрды. Үкіметтің тиімділігін арттыру жөніндегі министрлік деп аталады. Қазір осы министрлік бюджетті қысқарту мәселесімен айналысып жатыр. Әр мемлекеттік органға талдау жасап, тиімсіз деп санаған дүниелерді алып тастап, бюджетті қысқартып жатыр. Олар қанша ақша үнемдейтінін байқап көрейік. Әрине, бізге ешкімнен ештеңе көшірудің қажеті жоқ. Бірақ шығыстарды тиімді жұмсау мәселесіне біз де назар аударуымыз қажет, - деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, кірісті шығыспен теңестірудің екі жолы бар.
Жаңа Бюджет кодексінде екі бюджеттік ереже бар - бұл Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт деңгейі мен шығыстардың қарқындары. Осыдан екі мәселе туындайды. Біріншісі - біз бұл ережелерді ары қарай сақтауымыз керек, өйткені біздің тәжірибемізде жиі болады, біз ережелерді өзімізге орнатып аламыз, бірақ кейін "ережелер оларды бұзу үшін қажет" деген қағидаға сәйкес әрекет етеміз. Мұнда, "ережелер болса, оларды толық сақтауға тиіссің" деген қағиданы ұстану керек, және тек сонымен ғана басшылық жасау керек. Яғни осы ережелерді сақтау мәселесі, - деді ол.