Шығыстағы алапат өрттің беті қайтпай тұр

Жаңбырсыз ыстық ауа райы дала және орман өрттерінің тұтануына әкеп соғып отыр. Бүкіл елімізді жаулаған тілсіз жау Шығыс жұртын да әбігерге салып отыр, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Бір аптадан бері өрт сөндірушілерде маза жоқ. Өңірдің бір бұрышында сөндірілсе, келесі жағында тұтанады. Қазіргі кезде үлкен үш өрт ошағы қалып отыр, олар Алтай, Катонқарағай және Күршім аудандарында орналасқан.

Облыста осы күздегі алғашқы үлкен дала өрті 4 қыркүйекте Зайсан ауданында тұтанған болатын. Айнабұлақ ауылының маңында болған бұл өрт келесі күні таңертең ауыздықталған. 45 гектар аумақтағы құрғақ шөп пен бұта өртенді. Құтқарушылар, қатты желдің салдарынан бұл өрттің жылдам тарағанын айтады. Өртті сөндіруге аудандағы шекара басқармасының орманшылары да атсалысып, барлығы 30-дан астам адам және 7 техника жұмылдырылды. Абырой болғанда тілсіз жау ауылдарға жетпеді.

Сол күні Алтай ауданындағы ормандарда да өрт басталды. «Быков» орманшылығындағы отпен күресу оңай болмай тұр, бұл жер таулы аймақ, өрт сөндіру техникаларына жету қиын. Өрт әуелде 167 гектар ағаш өспеген аумақты шарпып өтті, негізінен қураған шөп пен бұта жанды. Әуеге «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің АН-2 ұшағы көтерілді. От ошағына ең жақын ауыл 25 шақырым жерде орналасқан. 350-ден астам адам мен 33 техника, сушашқышы бар МИ-8 тікұшақтары жұмылдырылды. Өрт сөндіру жалғасып жатыр. Бүлінген аумақ 1400 гектардай болады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов кеше төтенше жағдай министрімен келісіп, тағы 2 тікұшақ сұратты. Жағдай толығымен бақылауда. 

Осы жайттардан соң және синоптиктердің алдағы уақытта жауын жаумайды деген болжамына байланысты төтенше жағдайлар департаменті өңірде өрт қауіптілігінің жоғары 4-ші және 5-ші деңгейін белгілеп, тұрғындарды барынша сақ болуға шақыра бастады. 

6 қыркүйекте Күршім ауданындағы «Бобровка» орманшылығында, сондай-ақ Төсқайың ауылдық округінде бұталар мен ағаштар өртеніп жатыр деген суыт хабар жетті. Өрт алғашында 300 гектар аумақты жалмады, 10 шақырым жердегі Төсқайың ауылына қауіп төнді. 100-ден астам адамға көлік жете алмайтын таулы жердегі өртті атпен және жаяу сөндіруге тура келді. Біраздан соң іске МИ-2 тікұшақтары да қосылды. Өскеменнен 46 өрт сөндіруші мен 6 техника жедел жетіп, негізгі қауіптің беті қайтты. Ауылдық округ әкімдігі құтқарушыларды ыстық тамақпен қамтып, жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Қазіргі кезде өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Өртенген жердің аумағы 1800 гектарға таяды.

Күршім ауданында жағдай күрделеніп тұр. Ұйытқып соққан жел жұмысты қиындатуда. 300-ге жуық адам, 2 тікұшақ және 34 техника тәулік бойы апатпен күресіп, өрттің ауылдарға кіруіне тосқауыл қойып отыр, – деп мәлімдеді кеше өткен жедел штаб отырысында облыс әкімі Даниал Ахметов. 

Қыркүйектің 6-шы жұлдызында Катонқарағай ауданындағы Алтынбел ауылынан 8 шақырым жердегі «Ново-Березовка» орманшылығында да құрғақ шөп, бұта өртенді. Оны сөндіруге 350 адам мен 27 техника жұмылдырылды. Кейін МИ-2 және МИ-17 тікұшақтары тартылды. Сөндіру жұмыстары әлі жүріп жатыр.

7 қыркүйекте түнгі сағат бір шамасында Глубокое ауданындағы Каменный карьер ауылының маңында шөп пен бұталар өртенді. 35 гектарға жайылған жалынды өшіруге секундына 15 метрге дейін жеткен екпінді жел кедергі келтірді. Келесі күні таңғы сағат 9-дар шамасында өрт толығымен ауыздықталды.

Кеше Күршім ауданының Құйған ауылдық округі аумағында да шөп пен бұталар өртене бастады, тілсіз жау орманды жерде тоқтатылғанымен, далалық аймақта әлі жайылып барады. 

Бүгінгі күнге дейін Ұлан ауданының Тарғын ауылындағы және Катонқарағай ауданының Қаратал ауылындағы өрттер өшірілді. Әзірге, зардап шеккендер мен елді мекендерге төнген қауіп жоқ. Атап өтерлігі, жуырда Өскеменнің айналасындағы далалық жерлер де шағын өрт ошықтары пайда болып, қала жұртын бір шошытты. Бірақ, олар тез арада сөндірілді.

Ауа райын болжаушылар жексенбі күні облыста жаңбыр жауады деп отыр. Өңір басшылығы да осыны тілеп, жауын тілсіз жауды жеңуге көмектеседі деп үміттенуде. 

Бүгіннен бастап өртке байланысты Катонқарағай мен Алтай аудандарында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы